14 декабря 2007

Түлкі, тасбақа және кене

Баяғыда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене — үшеуі жолдас болып келе жатса, бір жерде бір уыс тары жатыр екен. Үшеуі ойласып:
— Мұны тұқым қылып жерге егіп, көбейтіп, бөліп алайық, — дейді.
Түлкі бір жарды көріп:
— Мен осы жарды сүйей тұрайын, болмаса құлап кетер, — деп жардың астын саялап, жатып алады.
Тасбақа байғұс жерді тырналап, кене сорлы тарыны жиып егіп, әлекке түседі. Сөйтіп, көп бейнет шегіп, піскен соң, ол тарыны орып, жинап алады. Мұны бастырғанда, бір аяқ тары болады. Біреуі барып, түлкіні шақырған екен. Ол келіпті де:
— Бұл тарыны үшеумізге бөлуге болмайды. Үшке бөлген соң, әрқайсымызға қаншадан тиеді дейсің. Онан да үшеуміз жарысып, қай озғанымыз алайық, — дейді.
"Мақұл!" — деп, үшеуі бір жерге келіп қатарласып тұрып, түлкі: "Ал кеттік", — деп жөнеле бергенде, кене түлкінің башпайына жабысып, бірге кетеді. Түлкі өліп-өшіп, қатты жүгіріп келіп, қырманға отырайын деген екен, кене:
— Ау, сорлы, мені басып кетесің бе? — дейді.
— Ей, сен қашан келдің? — дейді түлкі.
— Сен бағана "Ал кеттік!" дегенде-ақ, мен келіп қалғанмын! — дейді кене.
Екеуі дауласып келе жатқанда, аузы-мұрны қан-қан болып, тасбақа келеді. Келе сала:
— Ойбай, түлкі, мен бір пәле көріп келдім! Жаңа сенің артыңнан екі қарагер аты бар, қара бүркіті бар және екі тазысы бар екі адам келіп, "жаңағы қасыңдағы түлкі жолдасыңды тауып бер", — деп менің аузы-мұрнымды қан қылды. Сонда да мен айтқаным жоқ, әйтеуір, осы жаққа қарай келе жатыр, — дейді тасбақа.
Түлкі:
— Айналайындар-ай, мені айта көрмеңдер! Мына тарыны екеуің тең бөліп алыңдар, мен сеңдерге риза болайын. Олар келсе: "Білмейміз қайда кеткенін" дендер, — деп тұра жөнеліпті.
Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене бөліп алыпты.

Комментариев нет: