14 декабря 2007

Түлкі, тасбақа және кене

Баяғыда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене — үшеуі жолдас болып келе жатса, бір жерде бір уыс тары жатыр екен. Үшеуі ойласып:
— Мұны тұқым қылып жерге егіп, көбейтіп, бөліп алайық, — дейді.
Түлкі бір жарды көріп:
— Мен осы жарды сүйей тұрайын, болмаса құлап кетер, — деп жардың астын саялап, жатып алады.
Тасбақа байғұс жерді тырналап, кене сорлы тарыны жиып егіп, әлекке түседі. Сөйтіп, көп бейнет шегіп, піскен соң, ол тарыны орып, жинап алады. Мұны бастырғанда, бір аяқ тары болады. Біреуі барып, түлкіні шақырған екен. Ол келіпті де:
— Бұл тарыны үшеумізге бөлуге болмайды. Үшке бөлген соң, әрқайсымызға қаншадан тиеді дейсің. Онан да үшеуміз жарысып, қай озғанымыз алайық, — дейді.
"Мақұл!" — деп, үшеуі бір жерге келіп қатарласып тұрып, түлкі: "Ал кеттік", — деп жөнеле бергенде, кене түлкінің башпайына жабысып, бірге кетеді. Түлкі өліп-өшіп, қатты жүгіріп келіп, қырманға отырайын деген екен, кене:
— Ау, сорлы, мені басып кетесің бе? — дейді.
— Ей, сен қашан келдің? — дейді түлкі.
— Сен бағана "Ал кеттік!" дегенде-ақ, мен келіп қалғанмын! — дейді кене.
Екеуі дауласып келе жатқанда, аузы-мұрны қан-қан болып, тасбақа келеді. Келе сала:
— Ойбай, түлкі, мен бір пәле көріп келдім! Жаңа сенің артыңнан екі қарагер аты бар, қара бүркіті бар және екі тазысы бар екі адам келіп, "жаңағы қасыңдағы түлкі жолдасыңды тауып бер", — деп менің аузы-мұрнымды қан қылды. Сонда да мен айтқаным жоқ, әйтеуір, осы жаққа қарай келе жатыр, — дейді тасбақа.
Түлкі:
— Айналайындар-ай, мені айта көрмеңдер! Мына тарыны екеуің тең бөліп алыңдар, мен сеңдерге риза болайын. Олар келсе: "Білмейміз қайда кеткенін" дендер, — деп тұра жөнеліпті.
Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене бөліп алыпты.

Толық мақала...

Қартайған арыстан

Бір заманда үлкен тауды бір арыстан жайлапты. Ол басқа аңдарға зорлық-зомбылықты шектен тыс асыра істеген екен. Бірақ қандай қиянат көрсе де оған ешқандай жануар теріс келмейді. Өйткені қарсыласарлық шамасы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл жәбірлік көріп, қолдан келері жоқ, іштен тынып, тістерін қайрап, әлсіз жануарлар шыдап жүре беріпті.
Арыстанның мейманасы асқаны сондай, ол жемді өз аяғымен жүріп іздемейді. Оған өзінің бұйрығы бойынша семіз сиыр, семіз жылқы, қой, бұғы-марал секілді жануарлар белгілі "тәртіп" бойынша келіп тұрады. Соятын — жолбарыс, бұзып-жаратын — аю, тәтті-дәмділерін патшаға тасып беріп жүретін епті даяшы — түлкі екен.
Арыстан әбден ұйқысы қанып, жайланып, тамаққа тойғаннан кейін, оның көңілі қалауынша әркім әр түрлі сауық жасап батырдың көңілін жұбатады. Бұлбұл сайрайды, көкек зікір салады, шымшық билейді. Маймыл түрлі ойындар көрсетеді. Түлкі күлдіргі қулық айтады. Топас аю, аңқау қарға, меңіреу есек оларға келемеж күлкі болады. Ал батырдың тыныштық тауып жатқан кезінде төрт мысық табандарын жалап маужыратып ұйықтатады. Әлдеқалай оның ұйқысын бөліп, дыбысын шығарған қылжақбас аң бар бола қалса, ауыр жазаға кіріптар болады.
Сол сияқты мейманасы асқан арыстан күндерде бір күні әбден қартайып, алжуға айналады. Ақырында орнынан тұруға шамасы келмей әлі бітеді. Тістері түгелдей түскен, тырнақтары тұқыл болған, буындарында әл жоқ. Осы жайды көрген аңдар енді батырдан қорықпады. Оны сыйлауды қойды. Тамақ болу үшін де ешкім келмеді. Аштан өлер болып діңкесі құрып жатқанда, одан бұрын жәбір көрген аңдар кезекпен келіп бұрынғы өштерін алған екен.
Ішіне қанды кек қатқан жануарлар жаны ерекше қиналатын жерін таңдап тұрып, өз шамаларынша батырға жаза беріпті.
Ит қабады, қасқыр талайды, ат тебеді, сиыр сүзеді, тышқан тістейді. Бір кезде салпаң құлақ есек келіп:
"Қай жерінен тепсем оның жанына артық батар еді", — деп, батырдың денесіндегі жанды жерін таңдайды. Осы кезде талықсып жатқан арыстанның есі кіріп, көзін ашады. Ол қасында тепкелі тұрған есекті көріп өте назаланады.
—Кешегі дәурен баста тұрған кезде бұл шірікті жан деп те есептеген жоқ едім, бұл күнде бұл да маған қорлық көрсетпек болып аяқ көтеріп түр. — Ә, тәңірім, менің жанымды бұл жаманның қорлығын көрсетпей ал! — деп жан тәсілім еткен екен.
"Не ексең соны орасың" деген мәтел осыған келеді.

Толық мақала...

Түйе, арыстан, қасқыр, түлкі

Бір түлкі жортып келе жатып, қаңғып бара жатқан бір түйеге кездеседі.
— Түйем, түйем, қайда барасың? — дейді.
Түйе:
— Оты мол, суы мол жер іздеп барамын, — дейді. Түлкі:
— Ендеше, екеуміз жолдас болайық! — дейді.
Түйе:
— Болсақ болайық, - дейді. Екеуі келе жатса, бір қасқыр келіп жолығады.
— Е, қайда барасыңдар? — дейді. Түйе мен түлкі:
— Оты мол, суы мол жерге барамыз, — дейді. Қасқыр:
— Ендеше, үшеуміз жолдас болайық! — дейді. Бұл үшеуі жолдас болып, жүріп келе жатса, бір арыстан келіп кездеседі.
— Е, қайда барасыңдар? — дейді. Үш жолаушы:
— Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, — дейді. Арыстан:
— Ендеше төртеуміз жолдас болайық, — дейді.
Төртеуі жүріп отырып, өзен-сулы, биік таулы бір жерді тауып, соны мекен қылып жүреді. Арыстан, қасқыр, түлкі ұсақ аң, тышқан аулап жеп, итшілеп күн көреді. Түйе жердің оты мен суына жардай болып семіреді.
Бір кезде қылышын сүйретіп, қыс келеді. Ұсақ аң таусылып, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі әбден ашығады, өлетін болады. Көздеріне түйеден басқа ештеңе көрінбейді. Сонан соң үшеуі ақылдасып, түйені жемек болады да, онымен сөйлесуге түлкіні жібереді. Түлкі түйеге барып: "Қыстан сенің аман шығуың туралы кеңестік, ақылын таптық. Сені ішімізге сақтап, өзіңді сонда боталатып, қыстың қиыншылығын көрсетпей, жазға салым өріске ботаңмен өргізіп шығаратын болдық", — дейді. Түйе бұған нанып, уәдесін береді. Оны түлкі келіп, арыстан мен қасқырға айтады.
— Түйе көнді… Бірақ сендерден өтінетінім: "Үшеуің етімді теңдей қылып бөліп алмай түрып, жеуші болмаңдар деді", — дейді.
Оған арыстан мен қасқыр қуанып:
— Ойбай жарайды! Дегені болсын, — дейді. Үшеуі түйеге келеді. Келе сала, оны жығып, жара бастайды. Арыстан ішек-қарнын суға жууға әкетеді. Арыстан келгенше, түйенің етін бұзып, бөлшектеп жатқанда, қасқыр шыдамайды, түлкінің көзін ала беріп, түйенің бүйрегін асап кеп жібереді. Түлкі миын жеп қояды. Арыстан келген соң, қасқыр жамандап, түлкіні көрсетеді. Түлкі: "Тақсыр, түйенің миы әуелден жоқ екенін білмейсіз бе? Оның миы болса, осыған көнер ме еді? Қасқыр өзі түйенің бүйрегін жеп қойып, жаласын маған жауып түр", — дейді. Арыстан қасқырға тап береді. Қасқыр тұра қашады. Арыстан оны қуа жөнеледі. Қасқырды қуып, арыстанның қарасы үзіледі. Бұл кезде түлкі етті қопаға таси бастайды.
Көптен соң ентігіп, болдырып арыстан келеді. Келсе, түлкі жылап отыр.
— Не болды? Түйе қайда? — дейді арыстан. Түлкі:
— Ойбай, қор болдық, уәдеде тұрмадыңдар, бірдей қылып бөлісуге шыдамадыңдар деп, тұрып кетіп қалды, — дейді.
— Қап! — деп, арыстан түйені іздеп кетеді. Кешке қырылдап қасқыр келеді. Түлкі оған да түйенің кетіп қалғанын айтады. Қасқыр да:
— Қап! — деп өкініп, түлкінің қасына келіп, бұралып жата кетеді.
Түңде түлкі ептеп тұрып барып, қопаның арасынан түйенің ішек-қарнын әкеліп, құйрығының астына тығып жеп жатады. Түлкі ішек-қарынды жеп бола бергенде, қасқыр сезіп қалып:
— Түлкі, түлкі, не жеп жатырсың? — дейді. Түлкі:
— Ашыққан соң, өз ішегімді өзім суырып жеп жатырмын! — дейді.
Қасқыр:
— Е, ауырмай ма екен?
Түлкі:
- Әуелі ауырса да, артынан басылады екен, — дейді. Қасқыр:
— Ендеше, сен менің де ішегімді суырып берші, — дейді. Түлкі:
— Жарайды! — деп келіп, қасқырдың ішегін суырып алады. Қасқыр қыңсылап, қыңсылап өліп қалады. Түлкі оның да етін жеп алады.
Бір күні түлкі келе жатса, арыстан бір жартастың басына шығып түр екен. Түлкі оған қарап, тұра қалып күледі. Арыстан:
— Е, неге күлесің? — дейді. Түлкі:
— Сіздің атаңыз осы жартастың басынан талай секіріп түскен еді. Сіздің тұлғаңыз сол атаңыздың тұлғасынан аумаған екен. Ерлігіңіз де соңдай шығар деймін. Мынадан сіз де қорықпай қарғыр ма едіңіз?.. — дейді. Арыстан:
— Е, қарғыса несі бар дейсің! — деп, шегініп келіп, қарғиын деп қорқып, қарғи алмайды. Сонда түлкі тағы күледі. Арыстан ыза болып, қарғып кеп түседі. Жамбасы күл-талқан болады. Түлкі келіп:
— Е, неғып жатырсың? — дейді. Арыстан:
— Ойбай, өлейін деп жатырмын! — дейді. Түлкі:
— Ендеше, мен сізді емдеймін! — деп, арыстанның қоңын ойып, жей бастайды. Арыстан:
— Түлкім, түлкім, тілімді жеші! — дейді. Түлкі:
— Жоқ, батыреке, артқы қоңыңыздан бастап, тіліңізден бір-ақ шығам, — деп, арыстанды жей береді. Сөйтіп, түлкі қыстан аман шығады.

Толық мақала...