24 октября 2007

Жыл басына таласқан хайуандар

Ең ерте заманда хайуандар жылдың басы болуға таласыпты. Соңда жылқы айтыпты:
— Мен алысты жақын қыламын. Күшімді көреді, сүтімді ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын, — дейді.
Түйе айтады:
— Сен адамның жұмысын қыласың, сұлы, шөп асайтын тамағың үшін құл болдың,
міне мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын. Көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе, соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық.
Сиыр айтады:
— Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді, жыл басы болу маған лайық.
Қой айтады:
— Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді. Жүнімді алып киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан, жіп еседі. Сүтімнен құрт-май алады, шаруаға менен пайдалыларың жоқ.
Ит айтады:
— Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Мен сендердің баршаларыңның бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп, абалап иеме хабар беремін.
Тауық айтады:
— Мен болмасам, кісі ерте жұмысына бармай, ұйықтап қалар еді. Мен ерте тұрып, таң атты деп шақырып, хабар айтамын. Кеш болса, жатар мезгіл болды деп, тағы шақырамын.
Тышқан не айтарын білмей тұрады да бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтады:
— Бұл таластан еш нәрсе өнбесе, жылды қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын.
Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің бойына сеніп: "Менен бұрын кім көреді", — деп, тышқанның сөзін қостайды. Бәрі қарасып тұрады. Біраздан соң тышқан жорғалап түйенің өркешіне шығып отырады. Көп хайуан таласып: "Біз көреміз, біз көреміз", — деп тұрғанда, ең биікте отырған тышқан еш нәрсе демепті.
Сонан соң жылды бәрінен бұрын тышқан көріп хабар беріп, жыл басы болыпты. Түйе бойына сеніп құр қалыпты.

Толық мақала...

Мақтақыз бен мысық

Бұл екеуі дос болады. Мақтақыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады. Мысық келмейді. Қыз: "Келмесең, келме!" — деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң, мысық келіп:
— Неге шақырдың? — деп сұрайды. Мақтақыз айтпайды. Сонан соң мысық:
— Ендеше, қатығыңды төгем! — дейді.
— Мен құйрығыңды кесіп аламын! — дейді Мақтақыз. Мысық қатықты төгеді. Мақтақыз мысықтың құйрығын кесіп алады.
— Апа, апа, құйрығымды берші! — дейді мысық.
— Менің қатығымды төле! — дейді Мақтақыз. Мысық сиырға барады.
— Сиыр, сиыр, маған қатық берші! — дейді. Сиыр:
— Менің қарным ашып түр. Маған жапырақ әкеліп берші, — дейді.
Мысық ағашқа барып:
— Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! — дейді.
— Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, — дейді ағаш.
Мысық суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді.
— Қыздар, қыздар, маған су беріңдерші! — дейді. Қыздар оған:
— Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, — дейді.
Мысық дүкенге барады.
— Әй, дүкенші, маған сағыз берші! — дейді.
— Маған жұмыртқа бер! — дейді дүкенші. Мысық тауыққа барады.
— Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! — дейді.
— Бізге жем әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, — дейді.
Мысық: "Енді қайттім?" — деп бара жатса, ін қазып жатқан бір тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас салады.
— Жаныңның барында айт, үйіңде не бар? — дейді. Тышқан қорыққанынан:
— Үйімде бір табақ тарым бар, — дейді.
— Маған бір уыс тары бер! — дейді мысық.
Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді. Мысық тарыны тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді, жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді. Дүкенші сағыз береді, сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді, суды апарып ағашқа береді, ағаш жапырағын береді. Жапырақты апарып сиырға береді. Сиыр қатығын береді. Қатықты апарып Мақтақызға береді. Мақтақыз мысықтың құйрығын қайырып береді.

Толық мақала...

19 октября 2007

Қотыр торғай

Бір қотыр торғай шеңгелге қонып отырса, қотырының қатпарланған аузын шеңгелдің тікенегі сыдырып кетіпті. Торғай ашуланып:
— Қап, бәлем, сені ешкіге айтпасам ба! — деп, ешкіге келіп:
— Ешкі, ешкі, ана шеңгелдің сылдырмағын неге жемейсің? — дейді. Ешкі:
— Оны жемек түгіл, өзім лақтай алмай жатырмын, — дейді. Торғай:
— Қап, бәлем, сені қасқырға айтпасам ба!
— Қасқыр, қасқыр, ана ешкіні неге жемейсің?
Қасқыр:
— Оны жемек түгіл, өзім байдың жабағысын жеп, тауыса алмай жатырмын.
Торғай:
— Қап, бәлем, сені жылқышыға айтпасам ба?
— Жылқышы, жылқышы, ана қасқырды неге соғып алмайсың?
Жылқышы:
— Оны ұрмақ түгіл, өзімнің ұйқым қанбай түр.
Торғай:
— Қап, бөлем, сені байға айтпасам ба?
— Бай, бай, ана жылқышыны неге ұрмайсың?
Бай:
— Оны ұрмақ түгіл, өзім қоспамды түгесе алмай жатырмын.
Торғай:
— Қап, бәлем, сені тышқанға айтпасам ба!
— Тышқан, тышқан, байдың қоспасын неге жемейсің?
Тышқан:
— Оны жемек түгіл, өз інімді қаза алмай жатырмын.
Торғай:
— Қап, бөлем, сені балаларға айтпасам ба!
— Балалар, балалар, ана тышқанды неге ұрып алмайсыңдар?
Балалар:
— Оны ұрмақ түгіл, өзіміз асығымызды ойнай алмай жатырмыз.
Торғай:
— Қап, бәлем, сендерді кемпірге айтпасам ба!
— Кемпір, кемпір, ана балаларды неге ұрмайсың?
Кемпір:
— Оларды ұрмақ түгіл, өзім жүнімді түте алмай жатырмын.
Торғай:
— Қап, бәлем, сені құйынға айтпасам ба!
— Құйын, құйын, кемпірдің жүнін неге ұшырмайсың?
Құйын соғып, кемпірдің жүнін ұшырыпты, кемпір келіп балаларды ұрыпты, балалар тышқанды ұрып жібереді, тышқан байдың қоспасын теседі, бай жылқышыны ұрады, жылқышы қасқырды ұрып алады, қасқыр ешкіні жейді, ешкі шеңгелдің сылдырмағын жейді. Сөйтіп, қотыр торғай өшін алады.

Толық мақала...

Бес ешкі

Ертеде бір кедей болыпты. Оның бес ешкі, бір қара тоқтысы және бір құла аты болыпты. Кедей ешкілері мен тоқтысын байдың қойына, атын байдың жылқысына қосады екен.
Бір күні азынап тұрған боранда бай бес ешкі мен қара тоқтыны, құла атты өз малынан бөліп, елсіз-күнсіз айдалаға айдап жібереді.
Ұли соққан боран, үскірік аяздан бүрсең қаққан бес ешкі бір тасқа келіп ықтайды да, тасжарғанның бүршігін күрт-күрт шайнап тұра береді. Қара тоқты бишара оларға ере алмай, "Енді өлдім-ау" деп маңырап тұрғанда, тап қасынан бір түп көкпек көрініпті. Көкпектің түбіне келіп, теуіп-теуіп кеңейтіп, бүрлерін бырт-бырт шайнап, жата беріпті.
Жал-құйрығына қар қатқан,
Қабағын қалың мұз жапқан,
Әрлі-берлі көп шапқан
құла ат қамыстың арасындағы бетін көбік қар жауып қалған бір құдыққа күмп етіп, түсіп кетіпті.
Оқыранып, осқырынып,
Қайшылап тігіп құлағын,
Жұлып жеп ернеу құрағын,
күрт-күрт шайнап, о да тұра беріпті.
Сөйтіп, кедейдің бар малы ақ боранның астында, қараңғы түңде айдалада қалыпты.
Боранмен бірге құтырып, араны ашылған аш қасқыр жем іздеп келе жатып, қара тоқтының дәл үстінен түсіпті:
— Қара тоқты, қара тоқты, сені жеймін! — депті қасқыр.
— Ағатай, ағатай, мені жеме, ана жерде бес ешкі түр, соны же, — депті тоқты.
— Жарайды, — депті де, қасқыр аузын ақсита түсіп, бес ешкіге жетіп келіпті.
— Бес ешкі, бес ешкі, мен сеңдерді жеймін!
— Қасеке, қасеке, бізді жеме, ана жерде жалы құлағынан асқан құла ат құдыққа түсіп жатыр, соны же, — депті бес ешкі.
— Жарайды, — депті де, қасқыр құлағын тікірейтіп, арқа жүнін сыртқа теуіп, құла атқа келіпті.
— Құла ат, құла ат, мен сені жеймін! — депті қасқыр.
— Сен қасқыр едің, мен ат едім. Ең болмаса мені мына құдықтан шығарып алып, батпағымды тазарт, артыма шығып отыр да, бір аят оқы, сонан соң же. Онсыз да өлгелі жатырмын ғой, — депті құла ат.
— Жарайды, — деп, қасқыр құла аттың құйрығынан мықтап тістейді де, құдықтан шығарып алады. Аяғымен тырналап, батпағын тазалайды.
— Енді әрі қарап түр да, иманыңды айта бер. Мен құранды келістіріп оқимын да, келістіріп тұрып сені жеймін, — депті қасқыр.
Құла ат құлағын жымырып, артқы аяғын бауырына алыңқырап тұра беріпті.
Иен дала, айсыз түн, азынаған боранда өзімнен басқа батыр жоқ деп даңғойсыған бөрі құла аттың артына шығып, шоқиып отырады да, молдаларға ұқсап, екі көзін шарт жұмып, өзінше әндетіп, ұли бастайды.
Андып тұрған құла ат қырындай түсіп, көз тастап, артқы аяғымен дәлдеп тұрып қасқырдың шықшытынан періп кеп қалады.
Шықшыты сынып, екі көзі алдына ағып түскен қасқыр қылжиып жатып ұлиды:
Қара тоқтыны жемеген
Қобылан басым-ау, у… у…
Бес ешкіні жемеген
Бағлан басым-ау, у… у…
Құла атты құдықтан суырып алған
Палуан басым-ау, у… у…
Артына шығып, құран оқып,
Көз жұмар молда ма едім?
Ау… у…
Осыны айтады да, қылжиып жатып өледі.
Ертеңіне таң атып, боран басылған соң, кедей бір төбенің басына келіп, былай деп малдарын шақырыпты:
Қой баласы қоңырым,
Ұя бұзбас момыным,
Шопан ата түлігі —
Қошақаным, қайдасың?
Пұшайт!
Пұшайт!

Жүнін жұлса бақырған,
Ешкі атасын шақырған.
Өрісте өскен жануар —
Шөкетайым, қайдасың?
Шөре!
Шөре!

Жолға шықсам — көлігім,
Жапанда жүрсем — серігім,
Қамбар ата өсірген,
Құла атым менің, қайдасың?
Құрау!
Құрау!
Бұл дауысты естіген соң, құла аты қар бұзып, бес ешкі шұбап жол салып, қара тоқтыны соңдарынан ертіп, аман-есен иелерін тауыпты. Кедей малдарын әкеледі де, жылы қораға кіргізіп, астарына жайлап көң төсейді, пішен мен жемге тойғызады. Олардан көрген-білгендерін сұрайды да, әңгімеге әбден қанып алған соң:
— Сен неге басынды сауғалап, бес ешкіні саудаға салдың? — деп қара тоқтыға кінә қойыпты.
— Мүйізім болса өскен жоқ, буыным болса қатқан жоқ, өзім жалғыз, әрі әлім келмейтін болған соң, солардан бір зауал болар деп, бес ешкіге жіберіп едім, — деп жауап беріпті қара тоқты.
— Сендер неге өз бастарыңды сауғалап, құла аттың басын саудаладыңдар? — депті бес ешкіге.
— Сіздің құла атпен талай рет қасқыр соққаныңызды білеміз, сондықтан ер қанаты ат еді ғой, бір зауал содан болар деп едік. Онымыз дәл келді, әйтпегенде аш қасқыр бәрімізді жеп қоятын еді, — депті ешкілер.

Толық мақала...

Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс

Бұрынғы өткен заманда бір кедейдің үш ұлы болыпты. Бүкіл өмірі байлардың есігінде өткен кедей өлерінде үш ұлын қасына алып отырып өсиет айтады. "Үйдің шығыс жағында бір жалмауыз бай бар, соған өлсеңдер де, жалданбаңдар", — дейді.
Әкесі дүниеден қайтқан соң, үш баласы қызмет істеуге кіріседі.
Ең әуелі қызмет іздеп, ең үлкен ағасы үйінен кетеді. Ол көп уақыт жүріп, қызмет таба алмай, әкесі "барма" деген байға барады. Бай бұны көрген соң "хош келдің" деп қарсы алады. Бай бұған:
— Саған бір қызмет берем, соны орындасаң, жалшылыққа алам. Ал орындай алмасаң, басыңды алам, бәрібір басқа байларда жұмыс жоқ, — дейді. Кедейдің үлкен ұлы:
— Жарайды, жұмысыңды істеймін, — дейді. Бай жұмысының түрімен таныстырмақ болып кедей ұлына:
— Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық арба пішен жейді, осыны баға алсаң, қызметке аламын, егер бұны атқара алмасаң, басың алынады, — дейді. Жарлының үлкен ұлы жұмыстарды амалсыздан орындауға кіріседі. Алғашқы күннен кейін-ақ үлгере алмайды. Бай төрт-бес күннен кейін келіп көрсе, шөп те, су да жетіспей, қара нар арықтап қалған екен. Бай ашуланып, кедейдің үлкен ұлының басын алады.
Жұмыс сұрап келген адамдарға бай осындай қолдан келмейтін жұмыс тапсырып, өлтіре беретін болыпты. Бұдан соң ортаншы ұлы да осы жолмен қаза табады.
Ендігі үйде қалған кіші інісі ағаларын іздеп шығады. Оны жұрт "бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс" деп атайды екен. Бірқарыс ағаларын іздеп, көп қиындықтарды басынан өткізеді. Ақырында Бірқарыс зұлым байдың ауылына келеді. Бай бұны көріп қуанып, қарқылдап:
— Ал саған жұмыс әзір, — дейді.
— Қандай жұмыс? — дейді Бірқарыс.
— Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық
арба пішен жейді. Соны күтуің керек, егер күте алмасаң, басың алынады, — дейді. Бірқарыс күлімдеп:
— Мақұл, нар деген мен ең көп баққан малым, бабын табармын, — дейді.
Бірқарыс нарды күтуге кіріседі. Бай үйіне барып: "Қолыма қалай түспей кетер екенсің, бәлекетім", — деп масаттанады.
Бірқарыс нарға барып, нарды пішен жейтін орнынан кейінірек, басын пішенге жетпестей етіп байлайды. Одан кейін төрт аяғын төрт қазыққа байлайды. Нар әрі ұмтылады, бері ұмтылады, шөп жеп, су іше алмайды.
Бай бір күні келіп көрсе, нар ашығып қалған сияқты көрінеді, бірақ алдында пішен, су дегендер толып тұрады. Бай Бірқарысқа:
— Бірқарыс, ана нарды отқа жібер, — дейді де, үйіне кетеді. Бірқарыс:
— Құп, қожа! — деп қала береді. Бай кетісімен Бірқарыс нарды пішенмен қосып, отқа жібереді.
Бай бұны көріп, ашуланып, Бірқарысқа келіп:
— Нарды өртегенің не? — дейді. Бірқарыс:
— Байеке, ана нарды отқа жібер, — деп өзіңіз бұйырған соң, сізге, асылы нардың керегі болмай қалған ғой деп отқа жібердім, — дейді. Бай Бірқарыстан жай құтыла алмайтынын сезіп, оны бір қиын жұмысқа жұмсағысы келеді.
Бай бір күні Бірқарысты шақырып, алыстағы Ақсақ Темір ханның жүйрік қара арғымағын қалайда әкеліп беруін талап етеді.
Бірқарыс разы болып, "Қара арғымақты әкелген соң, барлық мүлкіңнің тең жартысын бересің", — дейді байға. Бай ішінен: "Бәрібір қара арғымақты әкеле алмас", — деп ойлап, мүлкінің тең жартысын беруге келіседі.
Бірқарыс байдың бір жүйрік атын мініп, жолға шығады. Бірнеше күндер, апталар жүріп, Ақсақ Темірдің еліне де жетеді.
Келсе, Ақсақ Темір ханның елінде бір үлкен той болып, ат шабысына әзірленіп жатыр екен дейді. Көптеген жерлерден келген аттар мен Ақсақ Темірдің қара арғымағын бәйгеге қосады.
Бірқарыс та астына үлкен құс жастық салып, бұ да өз атымен бәйгеге қосылады. Аттылар бәйге төріне барып, аттарды қоя бергенде, Бірқарыс алдынан оза отырып, құс жастықты жарып жіберіп, жүнін бәйгеге қосылғандар алдына қарай бората береді. Бәйгешілер көздері бұлдырап, ештеңе көрмей, аттарының басын басқа жаққа бұра жөнеледі. Қалғандары лағып шығып кетеді.
Бәйгеден тек Бірқарыс бұрын келеді, одан соң Ақсақ Темірдің қара арғымағы келеді.
Ақсақ Темір бұны көріп, табанда ашуланып, қара арғымаққа мінген адамын табанда өлтіреді де, Бірқарысты шақырып алып:
— Қонақ! Мал ал, алтын ал, не алсаң да, атынды бер, — дейді. Бірқарыс:
— Хан тақсыр, алыңыз, бірақ маған қара арғымағыңызды беріңіз, елге мініп қайтайын, көлігім жоқ жөне де бір мың ділда алтын беріңіз, — дейді. Есінен танып қалған Ақсақ Темір:
— Ал… ал… ал! — деп Бірқарыстың атының басын ұстай береді.
Бірқарыс Ақсақ Темір елінде қонақ болып жатып, ханның қара арғымағын және бір мың ділда алтынын алып, еліне қайтады. Жолда бірнеше күндер жүріп, байдың еліне келеді. Байға қара арғымақты беріп, уәделі мүлкін сұрай бастайды. Бай Бірқарысқа:
— Мүлкімнің тең жартысын аласың ғой, бірақ менің үйімдегі барлық жұмысты істейтін боласың, — дейді. Бірқарыс оған да көнеді.
Бірқарыс байдың барлық жұмыстарын мүлтіксіз орындап, қайткенде айтқан уәдесін орындатуды ойлайды. Бай Бірқарыстан қорқып, қашпақшы болады. Бұны Бірқарыс сезеді де, байдың жол азық салған сандығының түбіне тығылып жатып алады.
Бір күні түнде бай әйелімен екеуі түн ортасында сандықты арбаға салып қашады. Жолға шығып, ұзаған соң бай: "Уһ, енді құтылмасақ, Бірқарыс бізге күн бермес", — деп қояды. Бірқарыс сандық ішінде жатып: "Я, құтылдың!" — дейді. Бай әйеліне:
— Апырай, даусының құлаққа естіліп тұрғанын-ай! — дейді. Тағы біраз уақыттар жүріп, елден әбден ұзаған соң: "Құтылдым, құтылдым!" — дейді бай. Бірқарыс қатты дауыстап: "Я, құтылдың", — дейді. Бай ашуланып:
— Құтылдым, құрғырдың даусы, қайдан естіліп тұрсың? — дейді. Бірқарыс тағы да:
— Құтылдың, бәсе құтылдың! — дейді. Бай мен әйел құрғырға не болды деп құлақтарын баса қояды.
Екінші күні кешке таман Бірқарыс сандықтың ішінен шыға келеді. Бай мен әйелде үрей қалмайды.
Кешке құдық басына қонады. Бірқарыс та баймен бірге отырып алады. Бай ішінен Бірқарысты түнде құдыққа тастап жіберуді ойлайды.
Түн ортасы ауғанда бай мен әйелі ұйқыға мас болып жатқанда, Бірқарыс байдың әйелін өз орнына салып, өзі байдың қасына жатып алады. Бай бір уақытта оянып, Бірқарыстың орнындағы өз әйелін сүйреп апарып құдыққа салып жіберіп, орнына келіп жата қояды.
Ертең ерте бай әйелін оятайын десе, қасында жатқан — Бірқарыс. Бай жалма-жан атын жегіп, қаша жөнеледі.
Бірқарыс артынан қуып береді. Бай қалың тоғайға тығылады. Бірқарыс тоғайға өрт жібереді. Бай тоғаймен өртеніп кетеді. Бірқарыс байдың ауылына барып, барлық малдарын айдап еліне келеді.

Толық мақала...