10 апреля 2007

Құлақ

Ерте заманда бір аңшы болған екен. Күндерде бір күні аңшының әйелі арыстанның құлағын тауып әкелуді өтініпті.
Аңшы аң аулауға орманға барыпты. Орманда бірнеше күн жүріп, атқан арыстандардың құлағын кесіп ала беріпті. Солай етіп, ол үйіне бір дорба құлақ алып қайтыпты. Әйелі әкелген құлақтарды жерігі қанғанша пісіріп жеп жүріпті.
Күндердің бір күні аңшының әйелі босанып, қырық құлақ тауыпты. Мұны көріп, аңшы мен әйелі қатты қайғырып жылапты. Бір күні екеуі ақылдасып, жұртқа көрсетпей құлақтардың көзін құрту керек деген ойға келеді. Осылай десіп, аңшы қырық құлақты жиып-теріп, итке апарып тастапты, сонда бір құлақ жабықта жасырынып қалыпты. Бір күні аңшы мен әйелі от басында әңгімелесіп отырады.
— Бала-шағамыз болса, қандай жақсы болар еді, отын-суға, онда-мұнда соларды жұмсар едік,— дейді аңшының әйелі.
Сонда жабықта отырған құлақ:
— Апа, мен бармын ғой, отын-суға, оны-мұны жұмысқа мені жұмса,— дейді.
Аңшы мен әйелі аң-таң болады.
— Кім бар, бұл кім?— деп жан-жақтарына қарасады, ешкім көздеріне түспейді. Содан кейін аңшының әйелі:
— Сен кімсің?— деп сұрайды.
— Мен сенің балаңмын. Құлақпын,— дейді.
— Сен қайдасың?
— Мен жабықтамын.
Олар Құлақты түсіріп алады. Сөйтеді де, оны шөпшек теруге жібереді.
Құлақ шөпшек теріп, үйге кайтып келе жатқанда, нөсер жаңбыр жауып кетеді. Құлақ бір үлкен жапыраққа ықтайды. Ол жапырақты жайылып жүрген бір түйе жеп қояды. Жапырақпен бірге Құлақты да жұтып жібереді. Ол түйенің бүйеніне жабысып отырып алып, айт-шулеп айдап, үйіне алып келеді. Аңшы мен әйелі түйені сойып, оның барлық ішек-қарнын ақтарып қарайды, бірақ Құлақты таба алмайды. Мұнда қайдан болсын деп, түйенің түп бүйенін кесіп, далаға лақтырып тастай салады.
Түйенің түп бүйенін түнде келіп қасқыр жейді. Ол қойға шабайын десе, ішіндегі Құлақ айқай салады.
— Қойшы, қойшы! Қойыңа қасқыр шабайын деп тұр!— дейді.
Қойшы ит қосып, қасқырды өлімші қылады. Осылай қасқыр әлденеше күн бойы қойға шаба алмай жүреді. Әбден ашығады, жүдейді, өлуге таянады. Содан кейін қасқыр түлкіге барып:
— Менің ішімде бірдеңе бар, қойға шабайын десем, сол пәле айқай салады, аштан өлетін болдым, осыдан қалай құтыламын?— дейді.
Түлкі оған:
— Жүгіріп-жүгіріп, әбден терлеп келіп, мұзға құйрығыңды төсей қой, сонда ішіндегі пәледен құтыласың,— дейді.
Қасқыр түлкінің айтқанын істейді. Жүгіре-жүгіре, буы аспанға шығып әбден терлеген ол мұзға келіп отырады. Қасқырдың жүні мұзға қатты жабысып, сол жерде қатып өледі.
Қасқырдың өліп жатқанын аңшы көреді. Ол дереу қасқырды сойып, терісін сыпырып алуға кіріседі. Аңшы қасқырды сойып жатқанда, оның қасынан екі атты жолаушы өтеді. Құлақ барып, солардың біреуінің ат дорбасына түсіп, отыра қояды. Жолаушылар кешке бір ауылға келіп жетеді. Қонақ болуға бір үйге келіп, үй иесімен сөйлесіп:
— Қонақпыз,— дейді.
— Нешеусіздер?— дейді үйдің иесі.
— Екеуміз,— дейді жолаушылар.
— Жоқ, менімен үшеуміз,— дейді Құлақ.
— Үшеу болсандар, жолдарың болсын, үй тар еді,— дейді үй иесі.
Жолаушылар аң-таң болады.
— Бұл үшінші кім, қайда?— деп жан-жақтарына қарасады. Ешкім көрінбейді.— Әттең, ендігіде есте болсын,— дейді олар. Сөйтіп, тағы бір үйге келіп сөйлеседі.
— Қонақпыз.
— Нешеусіздер?
— Үшеуміз.
— Жарайды, түсіңдер,— дейді үй иесі. Қонақтар түседі. Олармен бірге Құлақ та түседі. Бірақ оны ешкім көрмейді.
«Үшінші қонақ қайда?»— деп, үй иесі де, «Менімен үшеуміз деген жолдасымыз қайда?»— деп, жолаушылар да аң-таң болып отырады. Бай сараң екен, қонақтарға мал соймай, тек быламық пісіріп береді. Бұған Құлақтың ашуы келеді. Түнде байдың қойына қасқыр шабады. Құлақ қорадағы есік-тесіктің бәрін тас қылып бекітіп тастайды. Қасқыр байдың қойының бәрін тамақтап кетеді. Ертеңіне қонақтар ауыл-аймағымен түгел етке тояды.

Толық мақала...

Ғажайып бақ

Баяғы заманда Асан мен Қасен деген екі дос болыпты. Екеуі де кедей адамдар екен. Асан ұлтарақтай жеріне егін егіп, Қасен өзінің аз ғана малын бағып, күндерін көріпті. Екеуінің де әйелдері қайтыс болған екен; Асанның бар жұбанышы-ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызы болады да, Қасеннің үміті — ер жетіп қалған қайратты баласы болады.
Бір жылы көктемде Асан егін салуға қамданып жатқанда, Қасен жұтқа ұшырайды: қыс аяғы қатты болып, аз ғана малы қырылып қалады.
Көзінің жасы көл болып, Қасен досына жылап келеді:
— Асан, сенімен қоштасайын деп келіп едім. Аз ғана малым қырылып қалды. Енді аштан өлместің қамын қылып, қайыр сұрап тентіреп кетемін де,— дейді.
Бұл сөзді естігенде, Асанның да көңілі босап, көзіне жас келіп, Қасен досын құшақтап тұрып:
— Екеуіміз жан деген жолдас едік қой, мал-жанымыз бір емес пе еді? Менің егіндік жерімнің жартысы сенікі болсын. Көңіліңді жұбат, қолыңа кетпен алып, тырбанып тіршілік қыл,— дейді.
Сол күннен бастап, Қасен де егін салып тіршілік етеді.
Күн артынан күн, ай артынан ай өтеді. Арада біраз жылдар болады. Бір күні Қасен өзінің жерін қазып жүріп, кетпенінің зыңылдап, темірге тигенін байқап, таң қалады. «Бұл не ғажап екен?»— деп, сол жерді тереңдетіп қазып жіберсе, ішіне толтырып алтын салған бір қара қазан көрінеді.
Қасеннің қуанышы қойнына сыймай, қазанның құлағынан сүйрей, досының үйіне қарай жүгіреді.
— Сүйінші, Асан!— деп айғайлайды ол, жүгіріп келе жатып,— сүйінші, бақытты болдың, үлкен олжалы болдың, мен сенің жеріңнен ішіне алтын толтырылған қазан тауып алдым, енді кедейліктен құтылдың.
Асан оны қуана қарсы алып:
— Сенің адалдығыңды білем ғой, Қасен. Бірақ ол алтын менікі емес, сенікі. Сен оны өз жеріңнен қазып алдың ғой,— деп жауап береді.
Оған Қасен болмай:
— Мен де сенің пейілі кең, мейірімді кісі екеніңді білемін ғой, Асан, бірақ сен маған жеріңді бергенмен жеріңнің астындағы қазынасын берген жоқсың ғой,— дейді.
Бірақ Асан да көне қоймайды.
— Ардақты досым, жердің асты-үстіндегі қазынаның барлығы, сол жерге маңдай терін тамызып еңбек еткен адамдікі,— дейді.
Алтынды алғысы келмей, бұл екеуі ұзақ таласады. Ақыры, Асан мынадай бір байлам айтады:
— Таласты қоялықшы, Қасен, сенің күйеу болатын ұлың бар, менің қалындық болатын қызым бар. Балалардың көңілі жарасып жүр ғой, сол екеуінің басын қосайық та, алтынды соларға берейік. Тым болмаса, біздің балаларымыз кіріптарлық көрмесін,— дейді.
Аталары осы байламын айтқанда, балаларының қуаныштан жүректері жарылып кете жаздайды. Сол күні той жасап, екі жасты қосады. Жас жігіт жаңа түскен келіншегімен жеке отау болып, Қасеннің үйіне шығады. Қасен құдасының үйіне көшеді.
Келесі күні таң сәріден жаңа қосылған жас зайыптылар алтын салған қазанды алып, аталарының үйіне келеді. Қабақтарында кірбің барын көрген Асан мен Қасен:
— Не боп қалды, балалар? Ертелетіп келген түрлерің жаман екен,— деп сұрайды.
— Аталары безген нәрсеге балалары ие болған жарамас. Біз алтынсыз да баймыз. Сүйіп қосылған екі көңілден артық дүниеде қазына бар ма?— дейді екі жас. Сөйтіп, олар қазанды үйдің ортасына әкеп қояды.
Енді алтынды кім алуы керек деген талас қайта басталады. Таласып, ақыры, алыста оңаша тұратын бір дана қарияға барып, жүгінбек болады.
Талай күн, талай түн жүріп отырып, бұлар әлгі қарияның үйіне келеді. Айдалада жалғыз тұрған қарияның жұпыны ғана қараша үйі бар екен.
Қария төрге төселген жыртық киіздің үстінде отыр, оң мен солында екі-екіден төрт шәкірт орналасқан.
— Жүгінуге келген екенсіңдер, алыстан арнап келген түрлерің бар, шаруаларыңды айтыңдар,— дейді қария келгендерге.
Жолаушылар қарияға өздерінің дау-шарларын айтады. Бұлардың сөзін тыңдап алып, қария ұзақ үнсіз отырады да, өзінің үлкен шәкіртіне бұрылып:
— Менің орнымда болсаң, мына кісілердің дауын қалай шешер ең?— деп сұрайды.
— Жер-дүниедегі қазынаның иесі хан ғой, хан иеме апарып беріңдер дер едім,— деп жауап қайырады үлкен шәкірт.
— Ал менің орнымда сен болсаң, қалай шешер едің?— дейді екіншісіне.
Екінші шәкірті:
— Дауласқандар безген мүлік бидікі ғой, мен оны өзім алар едім,— дейді.
Қария бұрынғыдан бетер ренжіп, жүзін суытса да, сыр білдірмей, үшінші шәкіртінен сұрайды.
— Ал енді сен айтшы, сен болсаң, қалай шешер ең?
Үшінші шәкірті:
— Бұл алтынның иесі жоқ, оны ешқайсысы меншіктенгісі келмейді. Солай болған соң-ақ, мен оны қайтадан жерге көмдіріп тастар едім,— дейді.
Қарияның жүзі әбден түнеріп кетеді. Ол енді ең кіші шәкіртінен сұрайды:
— Ал сен не дейсің, қарағым?
— Артық сөзім болса айып етпеңіз, ұстазым,— дейді кіші шәкірт.— Мен болсам, осы алтынды жұмсап, құлазып жатқан далада гүл жайнаған саялы бақ өсірер едім. Арып-ашқан кем-кетіктер сол бақтың саясында тыныс алып, жемісін қорек етіп, рақатын көрер еді.
Осы сөзді естігенде қария көзіне жас алып, орнынан тұрып, кіші шәкіртін құшақтайды.
— «Жасы кіші болса да, ақылы артықты аға тұт» деген сөз рас екен ғой,— дейді ол.— Сенің билігің әділ, балам. Осы алтынды алып хан ордасына бар, содан соң ең жақсы тұқымдарды сатып алып, қайтып кел де, өзің айтқан бағынды өсір! Саған да, мына алтынға қызықпаған кең пейіл адал жандарға да кем-кетік, жарлы-жақыбай атаулы өмір бақи риза болып, алғыс айтар.
Жас жігіт алтынды дорбасына салып алып, жолға шығады.
Ұзақ уақыт сапар шегіп, арып-ашып, күндердің күні болғанда хан ордасына келеді. Қаланың қақпасына кірісімен-ақ базарға барып, миуа ағашының тұқымын іздейді.
Қызылды-жасылды мата мен әр түрлі әшекейлі заттардан көз алмай, базарды аралап жүргенде, арт жағынан керуеннің сылдырлаған қоңырауы мен біреудің айқайлаған ащы даусын естиді. Жас жігіт артына жалт қараса, ұзыннан-ұзақ тізілген керуен келе жатыр екен. Түйенің қомына жүктің орнына ой мен қырда, су мен шөлде болатын құс атаулыны тірі күйі теңдеп алған. Оларды аяғынан матастырып байлапты. Құстардың қанаттары қайырылып сынып, жел ұшырған мамықтары ақша бұлттай қалқиды. Түйелер аяңдаған сайын, бейшара құстар тыпырлап, адамның сай-сүйегін сырқырата шырылдайды. Осыны көргенде жас жігіттің жаны удай ашып, шыдамы жетпейді, сығылысқан қалың жұрттың ортасынан жарып өтіп, жігіт керуен басыға келіп, әдеппен тағзым етіп:
— О, тақсыр, мына бейшара құстарды осыншама қинаған кім? Мұны қайда апара жатырсыз?—деп сұрайды.
Керуен басы:
— Біз хан сарайына бара жатырмыз. Бұл құстар — ханның соғымы. Сол құстар үшін бізге бес жүз ділда береді,— деп жауап қайырады.
— Мен мың ділда берсем, осы бейшара құстарды босатып жібересің бе?— деп сұрайды жігіт.
Керуен басы жігіттің жұпыны түрін көріп, оның сөзін елең етпей жүре береді.
Сол кезде жігіт иығындағы дорбасын алып, керуен басына алтынын көрсетеді. Керуен басы өз көзіне өзі сенбей, қайран қалады. Бірақ саудагер қызылшыл болмай, алтынды көргесін, сұғанақтығы жеңіп: «Құстарды босатып жіберіңдер»,— деп әмір етеді.
Бұғаудан босанған құстар тобымен аспанға көтеріледі. Керуеннің әкеле жатқан құстары тым көп екен. Олар жапырлай ұшқанда, күннің көзін бүркеп, қанаттарынан ескен жел дауылға айналады.
Жігіт ұшып бара жатқан құстарға қарап тұрып, құстар көрінбей кеткеннен кейін, қаудырап босап қалған дорбасын иығына салып алып, кейін қайтады. Қуанышы қойнына сыймай, аяғы жерге тимей әндетіп келе жатады.
Бірақ аулына жақындаған сайын, көңіліне уайым кіріп, істеген ісіне өкініп, қайғыра береді.
— Басқа біреудің қазынасын өзімнің ойыма келген нәрсеге жұмсағаным қалай болды? Кем-кетіктер үшін бақ егем деген өзім емес пе едім, ұстазыма, мені тұқым әкеледі деп күтіп отырған ақ көңіл адамдарға не деймін,— деп ойлайды.
Жігіт осылай өзіне-өзі ыза болып келе жатады: бара-бара қайғысы үдеп, әбден арып, құлап кетеді де, өзіне-өзі өлім тілеп жылайды. Ақыры, қайғы-қасіреттен қажып, ұйқтап кетеді.
Ұйқтап жатып түс көреді, түсінде әлдеқайдан бір әп-әдемі бұлбұл ұшып келіп, көкірегіне қонып, тамылжыған әсем әнді әуенімен:
— Уа, кең пейіл жас жігіт! Сен көп қайғырып налыма! Еркін құстардың саған беретін алтыны жоқ. Бірақ сенің жақсылығыңды басқа жолмен қайырар. Ұйқыңнан оянып, жан-жағыңа қарашы! Көзіңнің жасы тыйылмас па екен?— дейді.
Осыны айтып, бұлбұл пыр етіп ұшып кетеді. Жігіт көзін ашып, жан-жағына қарап, таң-тамаша қалады. Кең далаға қаптап қонып отырған құстарды көреді.
Құстар аяғымен шұқыр қазып, аузындағы дәндерді сол шұқырға салып, қанатымен топырақты сыпырып, көміп жатады.
Жігіт қозғалып кеткенде, құстардың бәрі лап етіп аспанға ұшады да кетеді. Тағы да құстар күнді қалқалап, қаққан қанаттарынан ескен жел дауылға айналады. Жігіт жан-жағына қараса, құстар қазған әрбір шұңқырдан жас шыбықтар көктеп шыға келіп, өрмелеп өсіп, бұтаға күлтеленген, жапырағы жайнаған үлкен ағашқа айналып жатқанын көреді.
Қас қаққанша болмайды, ағаштың бұтақтарына жайнаған гүлдер өсіп, жұпар иісі аңқып кетеді. Содан кейін гүлдер ұшып түседі де, оның орнына қып-қызыл нарттай алмалар өсіп шыға келеді.
Иран бағы мұның ширегіне де келмеуші еді. Қабығы маржандай жарқыраған зәулім алма ағаштарына сан жетер емес. Қаз-қатар тізілген ағаштардың арасынан пісіп тұрған жүзім, бал татыған өрік, жарқыраған көл, көкорай шалғын, бәйшешектер көрінеді. Ағаштың саясындағы жолдарға бұтақтан жаңа ғана түскен жапырақ төселген жолдың екі ернеуінде асыл таспен әшекейлеп өріп тастаған арықтардың суы сылдыр қағады. Ал жоғарыда, ағаш басында, пырылдап ұшып-қонып, тамылжытып ән салып, жігіттің манағы түсінде көрген бұлбұлдары ұшып жүреді.
Жігіт қайран қалып, өңім бе, түсім бе деп сенбей, жан-жағына қарай береді. Өңі мен түсінің қайсы екенін айыру үшін, қатты айқайлап жібергенде, өз даусының жаңғырығын ғана естиді. Жайнаған бақ ғайып болмай, сол орнында тұр. Өңі екеніне көзі жеткеннен кейін, жігіт өкпесін қолына алып, қарияның үйіне қарай жүгіреді. Келісімен болған уақиғаны бастан-аяқ айтып береді. Әңгімені тыңдағаннан кейін ұстазы және оның үш шәкірті, Асан мен Қасен, олардың балалары бақты көрмек болады. Жігіт жол көрсетіп, оларды ертіп келеді.
Көп кешікпей-ақ, кұлазыған жапанда ғажайып бақ орнапты деген хабар бүкіл елге тарайды. Бірақ олар бақтың шетіне жетісімен-ақ, алдарынан жеті құлып салынған темір қақпалы үлкен дуал пайда болады. Қақпадан өте алмайтынына көзі жеткен ақсүйектер ерлерінің үстіне шығып, дуалдың үстінен қолын созып, алмаларды жұлып алмақшы болады. Бірақ олар алмаға қолы тиісімен-ақ, естерінен айырылып, жерге құлап түсіп жатады. Мұны көрген соң-ақ, бай-мырзалардың зәресі ұшып, аттарының басын бұрып, ауылдарына қарай қашады.
Олардың артын ала баққа жер-жерден кедейлер келе бастайды. Кем-кетіктер жақындасымен-ақ, қақпаның құлпы босап, есік айқара ашылады. Баққа әйел-еркек, кәрі-жас сыймай кетеді. Олар бақтың ішіндегі жолмен қыдырып, жапырақты таптап жүрсе де, жапырақтар солмайды. Олар арықтан қаншама ішсе де, арық лайланбайды, таусылмайды; олар ағаштан қанша жеміс алып жесе де, жеміс азаймайды. Күні бойы бақ ішінде құйқылжыған домбыра сазы, шырқата салған ән, той-думан саябырламайды.
Ымырт үйіріліп, қараңғы түскен кезде, алмалар жарқырап, нұр шашып, құстар тамылжытып ән шырқайды. Қызық думан басылып, жарлы-жақыбайлар хош иісті көк шалғынды төсеніп, өмірлерінде алғашқы рет рақатқа кенеліп, тәтті ұйқыға енеді.

Толық мақала...

Бақыт іздеушілер

Ертеде бір бай болыпты, байдың үш баласы болыпты. Бір заманда байдың шаруасы кеміп, азая бастайды. Күннен-күнге күн көрісі қиындап бара жатқан соң, байдың үш баласы ақылдасып, кәсіп етуге шығады. Үлкен баласы: «Мен Астраханға барып, балық аулауды кәсіп етемін»,— дейді. Ортаншы баласы айтады: «Тұзкенінде кәсіп көп, мен сонда барамын»,— дейді. Сонда тұрып ең кіші баласы: «Мен бақыт іздеймін»,— дейді. Айтқандарындай: үлкен баласы Астраханға, ортаншысы Тұзкеніне кетеді. Кіші баласы бақыт іздеп шықса, бір теректің түбінде жылап отырған шалға тап болады. Жігіт:
— О, не қылған жансың, неге жылайсың?— дейді. Сонда шал:
— Мен не заманнан бері осы терекпен күн көріп келе жатыр едім. Қазір терегім қуарып, жапырағы түсіп, жеміс беруден қалды. Мен соған жылап отырмын, ал өзің қайда барасың?— дейді. Жігіт:
— Бақыт іздеп барамын,— дейді. Сонда шал:
— Егер де сен бақытты тапсаң: не себептен менің бұл терегім жеміс бермей қалды екен, соны сұрашы,— дейді. «Жарайды, сұрайын»,— деп жігіт жолға шығып, бір патшаның үйіне келеді. Амандасып болған соң, патша ол жігіттен: «Не қылып жүрген адамсың, қайда барасың?»— деп сұрайды. Жігіт: «Мен бір бақыт іздеп жүрген жанмын»,— дейді. Сонда жігітке патша: «Егер де, сен бақытты тапсаң, не себепті мен осынша бай болсам да, қаншама
әскерім болса да, соғысқан патшаларымнан жеңіліп қала беремін, соны сұрашы»,— дейді. Жігіт патшаның үйінен шығып, көп жүріп, шаршап-шалдығып бір таудың түбіне келіп дем алайын деп жатып, ұйқтап қалады. Бір уақытта жігіт басын көтеріп қараса, бір ақ киімді, ақ шалмалы кісі оятып тұр екен. Жігіт кісіден: «Не қылған жансың, саған не керек?»— дейді. Сонда ақ шалмалы кісі жігітке:
— Мен сені іздеп жүрген бақытпын. Үйіңе қайт, барған соң тілегіңді беремін,— дейді. Жігіт:— Қайтайын, бірақ біреулердің маған тапсырған аманаттары бар еді, оны қайтемін?— дейді. «Ол қандай аманат еді?»— дейді кісі.
— Мен сізді іздеп келе жатқанда, шал бір теректің жемісімен күн көреді екен, қазірде сол шалдың ағашы жеміс беруден қалыпты. Сол не себептен екен, соны сұрап біл деп еді. Олардан басқа бір патша: «Мен әрі күшті, әрі баймын, көп әскерім де бар. Бірақ соғысқан патшалардан жеңіле беремін, соның себебін сұра деп еді»,— дейді жігіт. Сонда тұрып ақ киімді, ақ сәлделі кісі:
— Шалдың ағашының емі: ол ағаштың түбінде бір өгіз тұлып алтын бар, сол алтынды алып, орнына топырақ толтырсын, сонда ағашы жеміс береді. Енді патшаның емі: ол патша өзі асыл патша екен, бірақ сондай бай, әрі күшті болса да, ол еркек патшалармен соғысқанда әйел болғандықтан жеңіліп қалады екен. Ол байға тисе, жер үстінде онан күшті патша болмайды екен.— Бұл аманаттарының бәрін біліп, жігіт үйіне қайтады. Жолда ол жігіт патшаға келеді. Патша жігітті тіпті ұмытып кеткен екен:
— Сен кімсің?— дейді үйіне кіріп келгенде. Сонда жігіт айтады:
— Мен бақыт іздеп бара жатқанымда сіздің үйде болып едім; сонда сіздің маған тапсырған бір аманатыңыз бар еді. Соны айтуға келіп едім,— дейді. Тек сонда ғана патшаның ойына түсіп, жігіттен сұрайды.
— Жә, маған не хабар айтасыз?— дейді. Жігіт патшаға:
— Сізге бақыт байға тисін, тағын күйеуіне берсін,— дейді. Егер де сіз сол айтқандарды істесеңіз, бұл дүниеде сізден күшті патша болмайды деді,— дейді. Сонда патша жігітке:— Мен саған тиейін, тағымды да берейін, сен маған ер бол,— дейді.
— Жоқ, мен аулыма қайтам, маған бақыт үйге қайтуға қосты,— дейді жігіт. Сөйтіп, жігіт патшалықты алмай келе жатса, жолда баяғы шалға тап болады. Шал жігітті көргеннен-ақ танып:
— Жә, бақытты таптың ба? Менің ағашыма не себепті жеміс шықпайды екен?— дейді.
Сонда жігіт айтады:
— Бақытты таптым, ол саған айтты: ағаштың түбінде бір өгіз тұлып алтын бар екен. Соны алып, орнына топырақ салса, ағашың жеміс береді деді,— дейді. Бұны естігенде шал қуанып жігітке: «Шырақ, кел, ендеше, маған сол алтынды алуға көмектес»,— дейді. Жігіт шалға болысып, екеуі өгіз тұлып тағы алтынды қазып алып, орнына топырақ салғанда, ағаш гүлдеп, дереу жеміс бере бастайды. Жігіт кеткелі жатқанда шал оған айтады:
— Қайда барасың, осында қал. Бұл өгіз тұлып тағы алтын екеумізге де жетеді, екеуміз осы ағаштың түбінде тұралық,— дейді. Жігіт шалға:
— Бақыт үйіме баруға қосты,— дейді. Сөйтіп, жігіт патшалықты да, өгіз тұлыптағы алтынды да алмайды.
— Ә, түсіндім, сені бақыт сынау үшін жіберген екен. Сен сыннан сүрінбей өткен екенсің. Сірә, енді бақытыңды табарсың,— дейді шал. Айтса айтқандай, әлгі жігіт адалдығының арқасында мұратына жетіпті.

Толық мақала...

Қырық өтірік

Ертеде бір хан халқына жар шақыртты: «Кімде-кім алдыма келіп, кідірмей-мүдірмей, бір өтірік әңгіме құрастырып айтып өтсе және артынан қырық ауыз өтірікті өлең қылып айтса, сол адамға қызымды беріп, күйеу қыламын, тіпті, уәзір де етемін. Бірақ бір сертім бар: «Әңгімесінің, я өлеңінің ішіне бір ауыз рас сөз қосылса, дарға тартқызамын!»— депті.
Бұл хабар жұрттың құлағына тегіс тиген соң, ханның қызын алып, күйеу болуға қызықпайтын адам болмайды. Әркімдер-ақ дәмелі болып: «Ой, айтпай несі бар!»— деп, ханның алдына барады, бірақ өтірігін келістіріп айта алмай, дарға тартылып жатады.
Жұрттың ең соңынан бір тазша бала кіріп, иіліп, тәжім етіп, сөйлеуге ханнан рұқсатын сұрайды.
Сонда хан тұрып:
— Ие, не арызың бар?— дейді.
— Тақсыр, жарлығыңызды естіп, өтірік әңгіме мен өтірік өлең айтқалы келіп тұрмын!— дейді тазша.
— Жаным-ай, жас бала көрінесің! Сенен естияр талай адамдар да айтамын деп келіп, айта алмай кеткен. Жарқыным, өлуге асығып жүрген не қылған баласың? Тілімді ал да, қайта ғой!— дейді хан.
— Тақсыр-ау, солардан жаным артық па? Айта алмасам, обалым өзіме ғой, рұқсат етіңіз!— дейді тазша.
— Ал, ендеше, сөйлей ғой!— дейді хан.
Тазша:
— Тақсыр, әкемнің белінде, анамның көңілінде жатып, әкемнің әкесінің жылқыларын он бес жыл баққан екенмін! Тапқан ақыма өзіме қалың беріп, әйел алып, бес-алты бала сүйген екенмін! Сол әйелімнен туған балаларымның қолымдағы ең кенжесі осы уақытта жиырманың бесеуінде, өзімнен он жас үлкен!
Жаздың қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп, құрық үстіне құрық салып, жау тигендей қуалап, айдын-шалқар бір көлге келсем, тақсыр-ай, күннің ыстығын содан білерсіз: көлдің суы кісі бойы, қол ұсыным мұз болып қатып қалыпты: балтамен олай шапқыладым, ойылмады, бұлай шапқыладым, ойылмады, балтаның жүзі жапырылып қалды. Балтамды қойныма салып қойып, сүйменімді қолыма алып, олай түйдім, болмады, бұлай түйдім, болмады, сүйменім майысып қалды. «Енді не қылдым?»— деп дағдарып тұр едім, құдай дес беріп, бір амал ойыма түсе қалды. Дереу кеңірдегімнен ұстап, басымды кеудемнен жұлып алып, ақырын ғана шекеммен бір шық еткізіп қалғанымда, тақсыр-ай, бірі өтірік болмасын, мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды. Қатқан мұздың астында қалған алпыс ала үйрек, жетпіс шіл үйрек пыр-пыр етіп ұшып кетті. Және менің бағыма суы зәрдей ащы шығып, сонда да жылқым ішіп-ішіп, іші-сырты бірдей болып, қарындары қампайды да қалды! Содан соң жылқыларымды көк мұзды жарып шыққан сар балауса мен көк жоңышқаға матап салып, санамай, түстемей, түгендегенімде,— құдай берерінде сүйтіп береді ғой!— алты құлаш ала биеден туған жеті құлаш жирен құлыным жылқының ішінде де жоқ, сыртында да жоқ, ұры алғанын білмедім, қасқыр жегенін білмедім… Жалма-жан құрығымды мұзға шанша салып, басына шығып, төңірекке көз жіберіп едім, көрінбеді. «Құрығым аласа болған шығар»,— деп, құрықтың басына қамшымды жалғадым, көрінбеді: пышағымның басына қынымды шаншып, оған шығып қарап едім, мұнда да көрінбеді: көңілім әлі биіктетуде болып, оған тебен шаныштым. Және көре алмадым. Әбден дағдарған соң, құрығымнан ақыл сұрадым: «Апыр-ай, енді не қылайын?! Ақылың болса, айтшы?»— дедім. Ол ант соққан жатып тұрып өзімді сөккені. «Ит болмасаң, айналып-айналып жерге қарай бергеніңше, көзіңді жұмып, аспан жаққа да бір қарасаң болмас па еді!»— дегені ғой. «Ойбай-ау, аспанды бұлт басып тұрғанын көрмейсің бе?— деп едім. Одан жаман балағаттап: «Ант ұрған-ау, қолың жоқ па?— дейді.— Бұлттың әрісін әрі, берісін бері сермеп жіберсең, болмас па еді!»— дейді. Ойлап тұрсам, оның сөзі де жөн екен. Дереу қолымды созып жіберіп, бұлттың былайғысын былай, олайғысын олай сыпырып жібергенімде, күннің көзі жарқырап, шайдай ашылды да кетті! Әбден тұралап болып, көзімді шарт жұмып, аспанға қарағанымда,— мұнан артық не тамаша болсын!— Темірқазықтың ар жағында, Шолпан жұлдызының бер жағында манадан бері қарап, таба алмай жүрген
жирен құлыным жайылып жүр екен. Әйелім ұл тапқандай қуанып, құрығымның басында тұрып, секіре беріппін! Жалма-жан құрығымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып, теңізге түсе қалып едім, шым батып барамын. Дереу пышағымды қайық қылып, құрығымды ескек қылып түсе қалғанымда, кірпік қаққанша сыр етіп, теңізден өте шықтым! Жирен құлынға міне салып, қайтадан теңізге түсе қалғанымда, шым батып барамын. Дереу инемді қайық етіп, құлынды өңгеріп түсе қалғанымда, көзді ашып-жұмғанша, теңіздің бетімен де емес, түбімен де емес, ортасымен де емес, сыр етіп, өте шықтым. Жылқыға келген соң: «Жүріс алған құрғыр тағы көзден ғайып болып, әуре қылып жүре ме?»— деп, енесін құлынына, құлынды айғырдың құйрығына байлап, жылқыға қоспай, далаға айдап қоя бердім. Бір уақытта айдын мұздың үстіне қарап тұрсам, бітпеген қу тобылғының түбінде бір тумаған ту қоян жатыр екен, жалма-жан садағымды алып, оғымның масақ жағымен атып едім, өтпеді, масақ жағын кіріске қойып, көз жағымен тартқанымда, жұлдыздай ағып өтті де кетті. Асығып-үсігіп, атымды бір қу қазыққа байлай салып, етегіме тезек тере бердім. Бір уақытта қарасам, атым тулап жүр екен: етегімдегі тезекті төге салып, атыма қарай жүгірейін десем, сұмдық-ай, манадан бері тезек деп тергенімнің бәрі бөдене екен, пыр-пыр етіп, бет-бетіне ұшты да кетті. Манағы қу қазық деп атымды байлағаным, аққудың мойны болып шықты, соның қанатынан үркіп, атымның тулап жүргені де сол екен. Атымды ұстап алып, манағы тебен инемді қазық қылып, басымды тоқпақ қылып, жерге қағып жіберіп, соған байлап қойып, «уһ»— деп, демімді алдым. Атып алған қоянымды сояйын десем, қынымда пышағым жоқ. «Апыр-ау, қайда қалды?»— деп ойланып тұрғанымда, үш күн, үш түн барып есіме түсті: баяғы құрығымның басына шанышқан бойымен қарауыл қараған жерде ұмытылып қалған екен. Соған қайта баруға еріндім де, күрек тісімнің біреуін суырып алып, қоянды сонымен соя бердім. Қашаннан
өзімнің мал сойғыштығыммен жеде-қабылдап, қоянды үш күнде сойып болып, қақтап, тұздап: «Енді майын ерітіп алайын»,— деп, бір бүтін қазанға еріткенімде, менің сорыма май ағып, тұрмады. Дереу бүтін қазанды тастай салып, бір тесік қазанға салып ерітіп едім, тақсыр-ай, мұндай қызықты көріп пе едіңіз?! Бір тамшысы жерге тамбай, тұра қалды. Еріген майды ыдысқа қотарғанымда, бір түйе қарнына, бір өгіз қарнына, бір борсық қарнына әрең-әрең сыйды. «Бүл титтей май менің қай керегіме жарайды? Одан да етігімді майлап алғаным олжа шығар!»— деп, бас салып майлағанымда, бір етігімнің жұлығына зорға жетті: қонышыма жетпеді, анау етігім ауыз тиместен қалды. «Ер еңбегіне бір тойсын!»— деген сөз бар еді-ау деп, қоянның бір кесек етін қолыммен күнге әрі-бері қақтап пісіріп, аузыма салайын деп ойлағанымда, сұмдық-ай, аузым орнында жоқ екен, жүрегім мұздай болып: «Апырмай, аузым қайда?»— деп, қайта-қайта бетімді сипаласам, аузым жоқ дегенім ойыншық екен, солайымен кеудемде басым да жоқ екен! Тақсыр-ай, сондағы қорыққаным әлі есімнен кетпейді-ау! «Япыр-ай, бассыз қалай күн көремін?»— деп алақанымды маңдайыма қойып, ойға батып тұрғанымда, біреу иығымнан тартып: «Әке, мына басты танисың ба?»— дейді. Байқап қарасам: өзімнің басым, тауып әкеліп тұрған өзімнің балам! «Шырағым, мұны қайдан таптың?»— деп сұрағанымда: «Суат ойып, инені қазық қып қаққан жеріңде жатыр екен, сенің басың екенін танып, алып келдім»,— дейді. Тақсыр-ай, сондағы қуанғаным әлі есімнен кеткен жоқ!… «Көп жаса, бақытты бол, үбірлі-шүбірлі бол!»— деп балама бата бергенім-ай сонда. Көптен ұйқы көрмей сергелдең болып жүрген байғұс басым, сол мезгілде ұйқы қыстап, қалғымайын ба! Мұздан төсек, қардан жамылғы қылып, жата қалсам, төсектің жылылығына бұйығып, өлген адамдай ұйқтап, қатыппын да қалыппын. Түн ортасы болған кезде, бір нәрсенің сарт та сүрт естілген дыбысымен шошып оянып қарасам, екі етігім жұдырықтасып, қызыл ала қан болып, төбелесіп жатыр екен. «Бұларың қалай?»— деп сұрасам, май жағылмаған етігім жыламсырап: «Қайтейін! Май біткеннің бәрін анау жалмауызың ішіп қойды, маған ауыз тигізген де жоқ»,— деді. Онда екіншісі: «Өзіңнің кем несібелігіңнен көрмей, майдың жетпегенін менен көргенің, сасқаның ба?»— дейді. Ашуымның әбден келгені емес пе. Маңдайларына бір-бір шертіп, екеуін екі жағыма қойып, жата бердім. Таң атқан соң қарасам,— көзін ашпағыр!— Май жағылмаған етігім өкпелеп, түнде қашыпты да кетіпті. «Алда жүгермек-ай,— деп, екі аяғымды бір етікке тығып алып, ізіне түсіп, қуа бердім. Айдан-айлар жүрдім, астымдағы атым зорығып өлді. Жылдан-жылдар жүрдім. Бір кездерде жаялықтай жауырынына қауын егіп, пісіріп отырған егіншіге келдім. Егінші бишара бір піскен қауынды алдыма қойып: «Жарқыным, пышағың бар екен, өзің жарып жей ғой!»— деді. Кездігімді суырып алып, қауынға сала бергенімде,— шіркіннің жетесі босап жүр екен!— теміртегі суырылып, қауынның ішіне түсті де кетті. «Қап, жолым қырсығып жүрген бейбақ едім, бұ да соның салдары ғой!— дедім де:— Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған замандасым еді, қалай көзім қиып, тастап кетейін!— деп, қауынның ішіне сүңгіп, өзім де кіріп кеттім. Ал ізде: тау да қалмады, тас та қалмады, тоғай да қалмады. Апта болды-ау дегенде маған ұқсап, жоқ қарап, сандалып жүрген бір жолаушыға кез болдым. Жоғымның түсін, түгін, ен таңбасын айтып сұрап едім, құдай соққан неме: «Тфу!»— деп, бетіме түкіріп жібергені ғой! «Ау, жының бар немемісің? Жоқ сұрасам, бетіме түкіресің?»— дегенімде, о да бір ісек неме екен, әкіреңдеп: «Жынды демей, не дейін! Мен бір айдан бері атымды зорықтырып, бір айғыр үйірлі қысырағымды таба алмай жүргенімде, сен төрт еліге толмайтын теміртекті іздейсің!— деді. Әлгінің сөзіне шыдай алмай, сол жерде жаттым да төбелестім, жараланбаған жеріміз де қалмады, қып-қызыл ала қанға боялдық, ақырында, мен де, ол да, сілеміз құрып шаршап, екеуміз де төбелесті қойып, бір-бірімізден насыбай атысып, жөн-жөнімізге кете бердік.
Бір күндерде ұлы жиын, ас беріп жатқан қалын елдің үстінен шықтым. «Жақсы болды ғой! Осы жиыннан етігіме де сұрау салайыншы»,— деп, ошақты жағалап келе жатқанымда, аста табақ тартып жүрген бозбалалардың арасында, табақ көтеріп жүрген баяғы қашқан етігім анадайдан көзіме оттай ұшырады. Қатыным бала тапқандай қуанып, секіре беріппін! Етігімнің де көзі мені шалып, ұялғаннан екі беті қып-қызыл болып, қолында көтерген әйдік табақ қазы, қарта, жал, жаяны әкеліп: «Кешегі маған жағуға қимаған майың осы ма еді?»— деп, алдыма сарт еткізіп қоя салды. Пай-пай, тақсыр-ай, сондағы ұялғаным өмірімде есімнен кетер емес! Мінеки, тақсыр, туғаннан бергі жерде басымнан өткен істер осы,— деп, тазша әңгімесін бітірді.
Қиыстырып, бір ауыз шын сөз араластырмай айтқанына ханның көңілі толып:
— Кәне, балам, енді өтірік өлең айтшы!— дейді.
Сонда тазшаның айтқаны:
Қайныма қарға мініп, ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Алдынан қайын атам қырындадым!

Жүк артып инелікке, ерте көштім,
Шүйкелеп сары майдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,
Дегенде: «өлдім-талдым!»— әрең шештім.

Міндім де қара қоңыз, аяңдадым,
Салдыртып аяңына қоян алдым.
Япыр-ай, сол қоянның семізін-ай,
Көтеріп қоңызыма қоя алмадым!

Міндім де жасыл қоңыз сона қудым,
Басынан мұнар төбе сағым будым.
Дәулеттің құдай берген арқасында
Қанменен көйлегімнің кірін жудым.

Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым,
Ши оқпен мың құланды атып қырдым.
Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,
Ұялмай, жүз тұсақтан сатып тұрдым.

Балықтың қабыршағын отқа жақтым,
Өтірік бір сөз айтпай жұртқа жақтым.
Бір сонам асыранды қашып кетіп,
Дүниеден, он жыл іздеп, азар таптым.

Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым.
Бір суыр мал дегенде, қолда барым.
Әйелім тел қоянды жаздай сауып,
Түйреді сары майды екі қарын.

Бергенде бақа қызын көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырды төңірекке.

Міндім де қара қоңыз, сона қудым,
Үш жұма, үш ай жүріп, қона қудым.
Қумасқа белді байлап, тұрып едім,
Дегенге жеңгем жерік бола қудым.

Бай болдым төрт түлікке тумай жатып,
Балама қалың бердім бәрін сатып.
Ретін мал жаюдың білмеген соң,
Сондықтан кедейлікке қалды батып!

Байлықтан ыза шектім ақырында,
Бір түйір мал болмады жақынымда:
Малымның бәрін жинап отқа жағып,
Отырмын кедейліктің тақырында.

Қамыстан жылқы ұстауға құрық қылдым,
Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым.
Бір талын сойылымның кесіп алып,
Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.

Жиынға, салтанатқа кидім құрым,
Қытықтап, зорға айтқыздым ханның сырын.
Келгенде қалыңдығым жиырма жасқа,
Қайныма жиырма бес жас бардым бұрын.

Жүз салған қорғасыннан қара балтам,
Шықпады он матадан сыңар қалтам.
Дәулеттің маған келген арқасында,
Көшкенде жүз түлкіге жүгімді артам.

Айдадым, жылқы қылып, тоқсан түлкі,
Борсықты ұстап мінсең — аттың мүлкі.
Ішінде топ адамның тулап жығып,
Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі!

Арасын жырып қостым шөл қуаңның,
Молықтым, елін билеп бес дуанның:
Екі жүз құнан қойым егіз туып,
Осыған, нанар болсаң, көп қуандым!

Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,
Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай.
Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп,
Қан түсіп аяғына, өле жаздады-ай.

Тамырға шын сөзімді қап-қап бердім,
Найзасын нар қамысқа саптап бердім.
Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,
Түлкіге тастан қашқан тап-тап бердім!

Басынан Қап тауының қора қылдым,
Бітер деп бес мың жылқы жоба қылдым:
Топан су тау басына дамыл бермей,
Қылмасқа енді қора тоба қылдым.

Баласы қасқа айғырдың бөлтірікті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.
Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,
Апырым-ай, бәрін тулап өлтіріпті!

Мен өзім кішкенеден қарға бақтым,
Қашырмай сол қарғаны зорға бақтым.
Біреуі жануардың үздік шығып,
Мойнына ақ киізден белгі тақтым.

Басында керегенің үрген қарын,
Көтердім балуандықпен соның бәрін.
Түйеге теңдеп соны қойғанымда,
Мертікті, көтере алмай, қара нарым!

Масаның сілекейін желі қылдым.
Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.
Қамыстан сегіз қабат үй істетіп,
Жонынан шегірткенің көген тілдім.

Шымшықтың шылым шектім бақайынан,
Қоянның атым үрікті топайынан.
Тазшаның ақылы артық, ойы жетік:
Көртышқан етік қылдым шоқайынан.

Басына бәйтеректің тіктім орда,
Көкорай шалғын екен қорда-қорда.
Қос атпен күні-түні бірдей қуып,
Қашаған бір битімді тұттым зорға.

Мен өзім өтіріктен пайда еткенмін;
Бит терісін биялай, қалта еткенмін.
Етіне бір шіркейдің қазан толмай,
Соймасқа қайтып шіркей ант еткенмін.

Мыс егіп, көбік қарда алтын ордым,
Ізіне ақ жыланның қақпан құрдым.
Шегірткем мініп жүрген тулап еді,
Жалғыз тал қыл қамшыммен өлгенше ұрдым.

Түгестім сар аяқпен Сырдың суын,
Он нарға артып жүрмін қыздың буын.
Еншіге әкем берген мың қоянның
Сол қыста қырып алдым барлық туын.

Тілімнің келмейді ебі өтірікке,
Тақсыр-ау, осыным да өтірік пе?
Қырық байтал қалың малға санап алып,
Қыз бердім, отау тігіп кекілікке!

Биені, қымыз іштім, мұзға байлап,
Тышқанды жауыр қылдым үш жыл айдап,
Қырық тоғыз мүшелімде әкем туып,
Жүгірдім, қуанғаннан алақайлап.

Отыным жазда жаққан мұздан болды,
Салымым жүз жасаған қыздан болды.
Былтырғы жерошаққа жаққан отым
Тұтанып, зорға биыл қызған болды.

Сауысқан алып ұшты бөлтірікті,
Айтпаймын қыз берсең де өтірікті!
Шіркіннің тепкісінің қаттысын-ай,
Бір қызды шыбын теуіп өлтіріпті!

Қоянның шаңырақтай омыртқасы,
Көнектей көлбақаның жұмыртқасы.
Болғандай енді өтірік несі қалды,
Түбінен шау қияқтың ердің қасы.

Жонынан атжалманның айыл алдым,
Үш жергем, ішін жарып, майын алдым.
Ізіне аттың басқан қақ тұрыпты,
Қырық құлаш қармақ салып, жайын алдым.

Шымшықтың шылым шектім қу басынан.
Атжалман арқан естім шудасынан.
Қырық қарға, отыз сона құда түсіп,
Инелік киіт киді құдасынан.

Серік боп құрқылтаймен қылдым сауда,
Айналды серіктіктің арты дауға.
Борсыққа жарап жүрген міне шауып,
Ұрандап, бір бүйірден тидім жауға.

Дарияға тоған бастым ебелектен,
Жаратып, қасқыр қудым көбелекпен.
Жығылып тас кенеден мойны үзіліп,
Бір кемпір «ә» дегенде өле кеткен.

Аспанға алты жерден тіреу қойдым,
Борышыма жел жемісін бере қойдым.
Жүрегін құрқылтайдың төрт бөліп жеп,
Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым!

Сауысқан елден асты аққуды іліп,
Елімді қызғыш шауып, салды бүлік.
Қақалып кеше кешке жеген етке,
Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.

Күмістен ақ тышқанға таға қылдым,
Құйрығын көр тышқанның жаға қылдым.
Терісін он бес маса теспей сойып,
Жиынға он бес қарыс саба қылдым.
Жабылып тоғыз жігіт көтере алмай,
Қылмасқа ондай саба тоба қылдым.

Өтірік айтпағаннан жұртқа жақтым,
Құмырсқаны қайырып, қойдай бақтым.
Ел қыдырған кешегі есер кезде
Бөгелектің басына тана тақтым.

Бір қоянды міндім де, аспанға ұштым,
Екпініне шыдамай, жерге түстім.
Алты күндей ақ боран соғып еді,
Жалғыз қурай ығында ас қып іштім.

Дүниенің ауыры үрген қуық,
Жалғыз өзім көтердім аузын буып.
Үлкеніне шіркейдің арба жектім,
Ондай мықты көрмедім өзім туып.

Бес қарсақты күнінде баса жектім,
Жүргізе алмай, шіркінді азап шектім:
Екі теңді үстіне теңдеп алып,
Қара жолдың үстінде борт-борт шаптым.

Үлкеніне шіркейдің арба салдым,
Басқа, көзге төпелеп, зорға салдым.
Мені мықты дегенге жұрт нанбайды,
Қойдай битті көтеріп отқа салдым!

Өтірікті айтпаймын ең басынан,
Арқан естім бозторғай шудасынан.
Алты инелік, бес торғай той қылыпты,
Киіт кидік солардың құдасынан.

Өтірік өлең айтпаймын ең басынан,
Шылым қылдым шымшықтың қу басынан,
Қара шіркей етіне қазан толды,
Астау-астау ет қалды әр басынан.

Маса деген бірталай бақыр екен,
Сона деген қансорғыш пақыр екен,
Екеуінің қылығы асқынған соң,
Құмырсқалар жазалап жатыр екен.

Бүгелектің терісі — ер-тұрманым,
Қоян мініп, мен өзім жау қуғанмын.
Шегірткенің айғырын ұстап мініп,
Тұра қашқан түлкіні бір бұрмаймын.

Көлбақаның көнектей сүйегі бар,
Көртышқанның қырық құлаш үйегі бар.
Өзім барып, жерінен алып келдім,
Бір түлкінің қырық арба сүйегі бар!
— деп аяқтады өлеңін тазша.
Тазшаның әңгімесі де, өлеңі де, бастан-аяқ ханның өзі айтқандай, рас сөзден бір ауыз қосылмай айтылғанына ханның мейірі қанып: «Адам қай іске бет түзеп ұмтылса, сол істің үдесінен шығарына көңілім сенеді. Түбінде мұның қолынан үлкен-үлкен жұмыс келер»,— деп, айтқан уәдесімен қызын да береді, уәзір де қылады. Тазша, сөйтіп, мұратына жетеді.

Толық мақала...

Жақсылық пен Жамандық

Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық атты екі адам болыпты. Бір күні Жамандық жаяу жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі жөн сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Ол келген Жақсылық екен. Сонда Жамандық тұрып:
— Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіре кетші,— депті.
Жақсылық:
— Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жер жүріп барып, түсіп, атыңды байла да, өзің жаяу кете бер. Сонсоң мен жетіп, атпен біраз жер жүріп, жол бойына байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге кезек мініп жетейік. Екеуміз мінгессек, атқа қиын соғар,— депті.
Жамандық атқа мініп алып, сол кеткеннен Жақсылықты есіне алмастан, кете беріпті.
Жақсылық шаршап, арып-ашып, кешке жақын бір күркеге келеді. Ішіне кірсе, жан жоқ. Бірақ ортада бір үлкен қазан асулы тұр екен. «Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ? Дәм татайын»,— деп, бір саусағының ұшын батырып, дәм татады да, күрке төбесіне шығып жатады.
Бір уақытта қасқыр, түлкі, арыстан,— үшеуі келіп, күркеге кіріпті. Түлкі тамақты көре сала:
— Ойбай, мына тамақтан біреу жепті!— деп, байбалам салады.
Қасқыр мен арыстан екеуі:
— Кім жеуші еді? Адам келетін жер ме, бұл жер?—деп, кейіген соң, түлкі әңгімені доғарып, үшеуі отырып тамақ ішіп, әңгімеге кіріседі.
Арыстан, қасқыр, түлкі — үшеуі көрген-білгендерін айтысады. Арыстан мен қасқыр түлкіге:
— Түлкі, сен не көрдің, не естіп, не білдің? — дейді. Сонда түлкі тұрып:
— Мен бір жерден бір алтын көрдім. Пәлен деген байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында, бір сүйем жердің астында жатқан бір құмыра алтынды күнде қарауылдап, қарап келемін,— дейді.
Сонда қасқыр тұрып:
— Мен күнде пәлен деген байдың қойының арасындағы үлкен ала тоқтыны қарауылдап келемін. Себебі: ол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар, қандай ем қылса да, жазылмайды және оның емін ешкім білмейді. Бірақ мен білемін: ол қызды жазатын — ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесін жегізсе, жазылады. Тағы да ол бай жар салған: «Кімде-кім емдеп жазса, соған осы қызымды беремін»,— деп. Бірақ оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ, тауып айта алмайды да,— дейді.
Кезек келген соң арыстан тұрып:
— Мен де түнде барып, түген байдың жылқысының біреуін жеп келіп жүрмін. Ол бай мені еш уақытта ұстай алмайды және маған оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бір-ақ тайы бар: Ол^ тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде. Сол тайдан басқасынан мен құтылып кетемін. Және ол байдың жар салғаны бар: «Кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды беремін»,— деп.
Олар әңгімелерін аяқтап, ұйқтап қалады да, азаннан тұрып бет-бетіне кетеді.
Жақсылық олардың барлық әңгімелерін естіп алып, адам емдеуші боп, байдікіне келеді. Бай оның түріне қарап: «Осы емші шығар»,— деп ойлап:
— Жоғары шық!— дейді.
Жақсылық отырған соң, бай:
— Қызыма бал ашып бер!— дейді.
Жақсылық: «Мақұл»,— дейді де, қызды қарап:
— Баланы емдетпей, босқа қинапсыңдар ғой! Әкел анау үлкен ала тоқтыны. Мұның ауруы соның өкпесінде,— дейді.
Бай дереу қойшыларды жіберіп, тоқтыны алдыртады. Жақсылық қызға тоқтының өкпесін жегізіп, емдейді. Жазылған соң, қызды өзі алады.
Бұдан кейін Жақсылық бағанағы жаман қыстауға келеді. Қораның ортасын бір сүйемдей қазса, бір құмыра алтын шығады. Оны алып, арыстанның айтқан жеріне барады. Барса, бай бір арыстанды ұстай алмай жүр екен. Мұны білген соң, Жақсылық байға:
— Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің?— дейді.
Бай:
— Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы беремін,— дейді.
Жақсылық «Жарар» деп, тоғайдағы жылқылардың ішінен ала тайды ұстап алып, арыстанды күтін тұрады. Арыстан келіп, жылқыны алып қаша бергенде, Жақсылық әлгі ала таймен қуып жетіп, арыстанды ұрып жығады да, байдың бір үйір жылқысын алып, келген жолына түседі.
Неше ай, неше жылдар өткенде, бір күні буған Жамандық келіпті. Жақсылық Жамандыққа қараса, үсті-басында түк жоқ, қайыршы, диуана секілді екен. Ол Жақсылықты көріп:
— Жақсылықжан! Мен саған жамандық қыламын деп, осындай күйге ұшырадым. Енді сен мені адам қыл. Сен бұл мал-мүліктерді қай жақтан таптың?— дейді.
Сонда Жақсылық:
— Не де болса, адамзатсың ғой! Сен жамандық істегенмен, мен саған жақсылық істейін,— деп, өзінің бастан кешкен оқиғасын айтыпты. Сонан соң тұрып:
— Пәлен төбеде бір үй бар. Сен қазір соған жет. Оның ішінде асулы бір қазан ет бар. Бірақ оның ішіндегі еттен тек бір саусағыңды батырып дәмін көр де, үйдің төбесіне шығып жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сен олардың әңгімесін тыңдай бер. Олар кеткеннен кейін естіген сөздеріне орай әрекет етсең, сен де осындай боласың,— дейді.
Жамандық: «Жарайды»,— дейді де, баяғы күркеге барып кіреді. Жақсылық айтқандай, қазан толы ет асулы түр екен, қызығып кетіп, шыдай алмай: «Мына бір жілігін жейінші»,— деп, еттен жеп, сорпасынан да бес-алты рет ұрттап алыпты. Сөйтіпті де, үйдің төбесіне шығып жатыпты. Бір уақытта түлкі, арыстан, қасқыр — үшеуі күркеге кіреді. Түлкі тамақты көре сала:
— Ойбай, мына еттің тоқпақ жілігі жоқ, омыртқасы жоқ, сорпасы жоқ, біреу жепті!—дейді.
Оған арыстан мен қасқыр:
— Кім жеуші еді? Бұл жерге адам келуші ме еді?— деп, көнбейді.
— Жоқ! Бір бәле бар! Мен түс көрейінші,— деп, түлкі жата қалыпты да, аздан соң қайта тұрып:— Осы күрке үстіне шығайықшы, сонда бір пәле*бар секілді,— депті.
Бұл сөзін қасқыр мен арыстан да мақұл көріп, түлкі төбеге шықса, Жамандық жатыр екен. Үшеуі Жамандықты бас салып жеп қойыпты. Сөйтіп, Жақсылық жақсылығынан өмір сүріп, мұрат-мақсатына жетіпті. Жамандық жамандығынан ит-құсқа жем болыпты.

Толық мақала...

06 апреля 2007

Тазша бала

Ерте заманда бір тазша баланың әке-шешесі өліп, жетім қалыпты. Күндерде бір күн тазша базарды аралап жүрсе, мұңайып отырған бір шалды көреді. Тазша шалдың қасына келіп отырады.
Шал:
— Не қылып жүрген баласың?— деп сұрайды.
Сонда тазша:
— Баласы жоққа бала болайын деп жүрмін,— дейді.
Шал:
— Ендеше, балам жоқ еді, маған бала бола ғой!— деп, тазшаны ертіп, үйіне алып келіпті.
Бір күні шал тазшаға:
— Анау көрінген ағаштың басында ақ сары деген құстың үясы бар, сол ұяда құстың жұмыртқасы бар. Сен барып құсқа білдірмей, астынан бір жұмыртқасын алып келші,— дейді.
Тазша:
— Жарайды,— деп, жүгіріп барып, ағаштың бұтақтарын сылдыратпастан басына шығады да, кұсқа білдірместен бір жұмыртқасын алып келіп, шал әкесіне береді.
Сонда шал:
— Енді жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұясына салып келе қойшы,— депті.
Тазша:
— Жарайды,— деп жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұяға салып келіпті.
Сонда шал:
— Жарайсың, балам! Қолыңнан іс келеді екен,— депті.
Бір күні тазшаға өгей әке-шешесі:
— Анау көрінген үйде өздері бай және өлгенше сараң бір шал мен кемпір бар. Үйіндегі мол тамақтан өздері де жарып жемейді, кісіге де нәр татырмайды және түнде жатқанда екеуі қаптағы құртын басына жастанып, қарындағы сары майын қойнына алып жатады.
Солардың жұмысын табаным тесіліп, талай істесем де, жарытып ақы бермеді, ауыз толарлық тамақ та бермеді. Сонда көп ақым кетіп барады. Мені әке десең, оған кеткен ақым үшін сол қу, сараң шалдың қойнына тығып жатқан сары майын алып келші,— дейді.
— Жарайды,— дейді де, тазша түнде жұрт ұйқтаған уақытта барып, кемпір мен шалдың үйіне кіріп, екеуінің аралығына жата қалып, кемпірдің даусына салып: «Әрі жат!»— деп, шалды шынтағымен бір түртіп, бір уақытта шалдың даусына салып: «Әрі жат!»— деп, кемпірді шынтағымен бір түртіп, ақырында сары майын алып жөнеліпті. Артынша, ұзамай-ақ майды жоқтап, шал шығыпты. Шалдың өзі де жасында бір қу тазша екен: «Пәленше шалдың асырап алған бір тазша баласы бар еді, сол алып кеткен шығар»,— деп, орнынан тұра сала жүгіріп, тазшаға көрінбей, бір жағыменен оның үйіне бұрын жетіп, қолына бір шелек алып, тазша үйіне кіре бергенде, кемпірдің даусына салып, шелекті тазшаның қолына ұстата береді де:
— Шырағым, майды маған бер де, мынау шелекпен бір шелек су әкеле ғой!— дейді.
Аңқау тазша бөтен адам екенін аңғармай, майды беріп, шелекті ала сала жүгіріп, суға кете беріпті. Шелекпен суды алып келіп, шешесіне:
— Мә, су!— деп, берсе, шешесі:
— Мен саған су әкел дегенім жоқ! Май әкел демедім бе?— дейді.
Тазша алданғанын біліп: «Майдың иесі қу неме екен, майын өзі алып кеткен екен, мен де жетейін! Қайсымыз басым екенбіз?»— деп жүгіріп кете береді.
Шалдың көзіне түспей, төтелеп барып, бұрын жетіп, басына бір ақ жаулықты орай салып, шалдың алдынан айқай салады:
— Тілеуің құрғыр, шал, қайда кетіп едің?.. Қоралы қойыңды қасқыр қуып кетті. Жүгіріп жетіп, жылдамырақ қайырып, айдап кел! Болмаса, қасқыр қырып кетеді!— дейді.
Тазшаның кемпір даусына салып, сөйлеген сөзіне шал нанып, қолындағы сары майды:
— Ал, мынаны!— деп, лақтырып тастап, қойларын іздеп жүре беріпті.
Тазша бала шалды алдап жіберіп, майды алып, үйіне келіпті.
Манағы шал о жақ, бұ жаққа жүгіріп, қойдан дерек таба алмай, шаршап, сандалып, қайтып үйіне келіп қараса, қойлары ап-аман қорасында жатыр. Шал байғұс алданғанын енді біліп:
«Қап! Өзім де жас уағымда осындай қулықты көп істеп едім, қартайғанда алдыма келгені ғой!»—деп, ерте тұра сала, тазшаның әкесіне айтыпты:
— Сенің тазшаң менің бір қарын сары майымды алып кетті, майымды қайтарып бер! Болмаса, тазшаңды сөзсіз өлтіремін!— депті.
Сонда тазшаның әкесі бұл шалға:
— Мен майыңды көргенім жоқ! Егер анық тазшаның алғанын сезген болсаң, не қылсаң, о қыл, мен ара түспеймін, — депті.
Майын алдырған шал қолына бір өткір балта алып, жұрттан жасырынып, көп қорымның арасына барып, бір тесілген қабірдің ішіне кіріп, жасырынып жатыпты. Бұл шалдың кемпірі еш нәрсе сезбеген кісі болып, манағы тазшаны шақырып алып:
— Шырағым! Көп қорымда әкемнің моласы бар еді. Соған мына нанды апарып, құран оқып, жеп келе ғой, сенен басқа балаларға сенбеймін,— депті.
Тазшаның ойына қапелімде еш нәрсе түспей:
— Мақұл!—деп, нанды алып, кете беріпті. Молаға барып, құран оқып, нанды жеп отырғанда, көрдің тесігінен бір шал арбаңдап шыға келеді. Қолында балтасы бар. Кәдімгі аңдысып жүрген шалы екенін тазша тани кетеді. Тазша оңайлықпен өле қойсын ба? Шалдан бұрын қам қып, қолындағы балтасын жұлып алып, шалдың өзіне дүрсе қоя беріпті. Шал жалынып, әзер құтылыпты.
Бұлар тұрған шаһардың ханы халқына өте қатал болыпты, елге салықты көп салып, кедей мен жалшыны зар жылатып, сорлата беріпті. Солардың қатарында тазшаның әкесіне де салықты мол салып, шал қатты қысылыпты. Бұл жайды білген тазша әкесіне:
— Сіз қысылмаңыз, ханның өз алтынын өзіне берейік!— депті.
Содан кейін бұл тазша ханның қазынасына түсіп, бір құмыра ділдасын алып кетіпті. Ертеңіне хан ділданың жоғалғанын біліп, барлық уәзірін жинап:
— Ұрыны қалайша тауып, ұстауға болады?— деп ақылдасыпты.
Сонда бір уәзірі:
— Қазынаның есігінің алдынан шұңқыр қазып, белуардан бататын шырыш желім толтырып қоялық: қараңғыда білмеген адам түсіп кетсе, шығып кете алмайтын болсын! Осындай амалмен ұсталық,— депті.
Хан осы амалды мақұл көріп, айтқандай қылып, желімді даярлата беріпті. Қу тазша қалайша білсе де, бұл амалды біліп алып, енді қазынаның есігіне жоламапты.
Хан мұнымен де қазынаға түсіп жүргеннің кім екенін анықтап біле алмаған соң, ойлап-ойлап, екінші амал істепті. Ханның бір бақырауық нары бар екен. Оны ұстамақ түгіл, біреу маңына жақын барғанда, даусының барынша бақырады екен. Сол нарды шөгеріп жатқыздырып, бірнеше аңдушы қойдырыпты. Егер нар бақырса-ақ, ұрыны ұстамақ екен. Тазша мұны да біліп, түнде қолына бір бау жоңышқаны алып барып, алыста тұрып нарға көрсетсе, ол шөпті жеймін деп, орнынан тұрып, соңынан жүреді. Тазша ақырындап алыстай береді, нар ере береді. Даусы естілмейтін жерге барған соң, нарды ұстап апарып, бір тоғайдың қалың жеріне байлап тастапты.
Ертеңіне жасауылдар нарды таба алмай, дағдарып, ханға келіп хабар беріпті. Хан бұл амалы да іске аспаған соң, ойлап-ойлап, тағы бір амал тауыпты: далаға бір отау тіккізіп, ішіне жақсы төсектер жайдырып, соған өзінің қызын жатқызып: «Қызымменен кім сөйлесіп, әңгімесі келіссе, қызымды соған беремін!»— деп жұртқа жар салыпты. Ондағы ойы: «Егер сол ұры амалы көптігіне сүйеніп, келсе, қызым алмас қылышпен қолын кесіп алып қалсын; ертең шаһар адамдарын тегіс тексерейін: «Кімнің қолы кесілген болса, соны ұстатып, дарға астырайын!»— дегені екен.
Қу тазша бұл амалды да біліп алыпты. Қалада бір бай қасапшы бар екен. Түн ішінде жатып қалған қасапшыға барып, терезесінен: «Ханға бір қойдың қарны керек еді, терезеден бере ғой»,— деп дауыстапты. «Ханға керек» деген соң лажы бар ма, бір қарынды терезеден қолымен шығарып: «Ал!»—дегенде, тазша қолындағы алмас қылышпен қасапшының қолын шауып түсіріпті, сөйтіп, қарын мен кесілген қолды ала жөнеліпті. Әлгі қарынды суға толтырып, аузын байлап, оңаша отауда жатқан ханның қызының қасына келіпті. Әрі-бері сөйлескеннен кейін, тазша сыртқа шығып кетуге рұқсат сұраса, қыз жібермейді. Тазша: «Кетіп қалады десеңіз, менің қолымды ұстай тұрыңыз!»—дейді. Қасапшының кесілген қолын қызға ұстатып, қарынның бір жерін тесіп суды шырылдатып ағызып қойып, өзі кетіп қалыпты. Бір уақытта қыз: «Осы неге үнсіз жатыр?»— деп, байқап, қараса, өзінің ұстағаны бір кесілген қол екен.
Қыз ерте тұра сала, әкесіне:
«Ұрыны ұстап едім, өз қолын өзі кесіп, қашып кетіпті»,— дейді. Хан жарлық қылып, шаһар адамдарының қолын түгендесе, қолы кесілген қасапшы болып шығады, хан алдына алып келіп тергегенде, ол көрген-білгенін айтады. Хан мұның кінәсіз екеніне сеніп, қоя беріпті.
Хан бұл амалы да іске аспаған соң, ойлап-ойлап, төртінші амалды тауыпты. Бір күні: «Егер ұры келе қойса, өзім ұстап алайын!»— деп, оңаша отауда өзі жатыпты. Тазша мұны да біліп, әйелдің'әдемі киімдерін киіп, бір сұлу келіншек болып, түнде келіп, отауға кіріп, ханның қасына отырыпты. Сонда хан:
— Не қылып жүрген әйелсің?—деп сұрапты.
Келіншек-тазша:
— Ерім өліп еді, қайнағаларыма тигім келмейді. Сол себепті, тақсыр, сізге арыз айта келдім. Сүйгеніме тиюге рұқсат берсеңіз екен!— деп, жауап беріпті.
Хан сұлу «келіншекке» қызығып:
— Олай болса, маған ти!— депті.
«Келіншек» тұра келіп:
— Құлдық, тақсыр! Олай десеңіз, арманым жоқ! Сізге тиемін!— депті.
Сөйтіп отырғанда, орданың алдындағы дар ағаштарды көрсетіп, «келіншек»:
— Тақсыр, мынау қиқайып тұрған ағаштар неге қажет?— деп сұрапты.
Хан:
— Кінәлі адамдарды асып өлтіретін дар деген осы,— депті.
Сонда «келіншек» бұрын дарды көрмеген кісідей болып таңырқап:
— Япырм-ай, мұнымен кісіні қалай асып өлтіреді екен? Мені асып көрсетіңізші?— депті.
Хан «келіншекті» дарға асуға ыңғайсыз көріп, дардың арқан тұзағын өз мойнына кигізіп, «келіншекке» түсіндірмек үшін:
— Арқанның анау ұшын сен бар күшіңмен тарт, бірақ менің аяғым жерден көтеріліп, мен буынып бара жатқан кезде, арқанды босатып қоя бер! Болмаса, мен өліп қалармын!— депті.
«Келіншек» арқанның ұшын қолына алып тартыңқырап, ханның өкшесі жерден көтеріле берген кезде, аяғының ұшы жерге тиер-тиместей етіп, арқанның ұшын бір ағашқа мықтап байлап қойып, өзі ханның қазынасына кіріп, тағы бір құмыра ділдасын алып кетіпті.
Ертеңіне ханның адамдары дарға асулы, өлі мен тірінің арасында тұрған ханды көріп, босатып алыпты; ордасына кіргізіп, тәуіптер жинап, емдеп жазыпты. Бұл хабар ұзын елдің иіріне, қысқа елдің қиырына жайылып болыпты.
Осы ханның елімен шекаралас бір елдің ханы: «Болымсыздығынан екі рет қазынасын, бір рет нарын алдырып, үшінші рет қызын базарға салып, онымен тұрмай, өзін дарға тартқызып, жұртқа масқара болғанша, хан болмай-ақ біреудің қойын бақса болмай ма?»— деп келемеждепті. Бұны естіген әлгі хан ыза болып: «Құдай атымен ант ішемін. Осы істерді істеген қу кім болса да, кінәсын кешемін, маған келіп мәлім болсын. Бірақ бір тапсыратын ісім бар, соны орнына келтірсе, бұрынғы кінәларын салауат қылып, қызымды беріп, күйеу қыламын!»— деп, жұртқа жар шақырыпты. Мұны естіп, баяғы тазша: «Қайыр! Не де болса, тәуекел, көрейін!»— деп, ханға келіп, мәлім болыпты. Сонда хан:
— Пәлен ханды амалын тауып, пенде қылып, маған әкеліп берсең, барлық кінәңді кещемін, қызымды да саған беремін!— депті.
Тазша ханның бұл тапсырған қызметін қиынсынбай, қабыл алыпты. Шаһардағы бар ұсталарды жидырып, әуелі бұларға темірден бір бітеу арба соқтырыпты: оның іші-сыртына қоңырау байлатыпты және жұп-жұқа түнікеден әйдік бір шоқпар жасатып, оны қолына алыпты және бір көк серкені сойдырып, терісінің жүн жағың сыртына қаратып үстіне киіп, терінің қылшығына бірнеше қоңырауды тағы байлапты, сөйтіп, бір көрім секілді болып, әлгі арбаға мініп, түнікеден қалқан көтеріп, шоқпарды иініне салып, манағы ханның шаһарына келіп кіріп, теке болып бақылдап, қоңыраулатып айқай салыпты.
— Мен, мен құдайдың жіберген періштесімін! Бұл шаһардың ханы залым болыпты. Ей, бұқара халық! Құдай-тағала сендерге: «Залым хандарыңды өз қолдарыңмен ұстап, байлап, менің бітеу арбама салып беруге бұйрық қылды. Сонда құдай-тағала сендерге риза болады. Егер оны қылмай, ханға болыссаңдар, маған бұйрық берді: біреуіңді тірі қалдырмай, қолымдағы он мың пұт шоқпармен шаһарыңның кірпішін тас-талқан қып, топырақ етіп, шаң-тозаңын ұшырып жіберемін!»— депті.
Сонда шаһардың халқы тазшаның айбатынан қорқып: «Қой, өз басымыздың амандығы керек! Мынау құдайдың жіберген пәлесіне қарсы тұрып болмас!»— деседі де, ханын ұстап, байлап, бітеу арбаға салып беріп, жалынып-жалпайып, «періште» тазшаны жөнелтіпті.
Тазша ханды пенде қылған бойымен алып келіп, өз ханына тапсырыпты.
Сонда бұл хан тұрып, тұтқын ханға:
— Иә, маған күле беруші едің, өзін неғып мұндай күйге ұшырадың? Мұнан былай күлме?! Менің жұртымда осындай өнерлі адамдар бар!— деп мақтаныпты.
Ақырында, екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне риза болып, екеуі де бұған қыздарын беріп, тазшаны өздеріне әрі күйеу, әрі ақылғөй қылып ұстапты.

Толық мақала...

Ұр, тоқпақ!

Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір болыпты. Шал мен кемпір кедей болып, тұзақ құрып күнін көреді екен. Бір күні шал тұзағын келіп қараса, бір қаз түсіп қалыпты. Шал қазды тұзақтан босатып алып, бауыздайын десе, қаз шалға айтыпты:
— Сен мені босат! Менен не сұрасаң, соны бір жылдан кейін ал,— дейді.
Шал мақұл көріп, қазды босатып қоя береді. Үйіне келіп, жаңағыны айтса, кемпірі шалға ұрсады. Шал:
— Қой, сен түк білмейсің!— деп, сөзін тыңдамай, жүре береді.
Бір жыл өтеді. Шал қазға бармақшы болады. Жүре-жүре, бір жерге келсе, өңкей түйе жайылып жүр екен. Келіп, түйешіден:
— Бұл кімнің түйесі?—десе:
— Бұл Қазбайдың түйесі,— дейді.
«Бүл Қазбай — баяғы қаз екен»,— деп шал ойланып тұрып, жүріп кетеді. Бір жерге келіп:
— Бұл кімнің қойы? — деп, қойшыдан сұрайды.
Қойшы:
— Бұл Қазбайдың қойы,— дейді. Шал жаңағы қойшы баладан:
— Шырағым, Қазбайдың бұдан басқа несі бар?— дейді.
Бала шалға:
— Қазбайдың үш жақсы нәрсесі бар. Біреуі: «Піс, қазаным, піс!»—десе, әр түрлі тамақ пісіп шығады, енді біреуі: «Құс, есегім, құс!»—десе, есегі
алтын құсады, тағы біреуі: «Ұр тоқпағым, ұр!»—десе, адамдарды ұра береді,— дейді.
— Мақұл,— деп шал жүріп кетеді.
Шал Қазбайдың аулына келеді. Қазбай шалды күтіп алады. Шал Қазбайдан «Піс қазанын» сұрайды. Қазбай сұрағанын береді.
Шал алып үйіне келе жатса, бір жерде асық ойнап жатқан балалар шалға:
— Ата, асқа түс!— дейді.
Шал асқа түседі. Үйге кіріп бара жатып, шал балаларға:
— Шырақтарым! «Піс, қазаным, піс!» демеңдер,— дейді.
Шал үйге кіріп кеткен соң, балалар тыңдасын ба: «Піс, қазаным, піс!»— деп, шулап қоя береді.
Сүйдегенде, әр түрлі тамақ пісіп, даяр болады. Балалар қазанды айырбастап, алып қалады.
Шал қазанды үйіне алып барып: «Піс, қазаным, піс!»— десе, еш нәрсе піспейді.
Шал қазанды алып, Қазбайдың үйіне қайта келеді. Қазбайға:
— Бұдан еш нәрсе шықпады,— дейді.
Қазбай қазанды алып:
«Піс, қазаным, піс!»— десе, еш нәрсе шықпайды.
Қазбай қазанның орнына шалға есекті беріп жібереді. Шал есекті алып үйіне қайтады. Жолда келе жатса, балалар шалға:
— Ата, асқа түсіңіз!— дейді.
Шал асты тастағысы келмей, есектен түседі. Үйге кіріп бара жатып, балаларға:
— Шырақтарым! «Құс, есегім, құс!» демеңдер,— дейді.
Балалар:
— Мақұл!— дейді.
Шал үйге кіріп кеткен соң-ақ, балалар: «Құс, есегім, құс»— десе, есек алтын құсады. Балалар есекті айырбастап, орнына басқа есек қояды.
Шал есекті алып үйіне кетеді. Кемпір:
— Қаздан барып алып келгенің осы ма?— дейді.
Шал есекке: «Құс, есегім, құс!»— десе, есек еш нәрсе құспайды. Шал есекті алып, Қазбайға тағы қайта келеді.
— Есек еш нәрсе құспайды,— дейді.
Қазбай есекті алып:
«Құс, есегім, құс!» десе, еш нәрсе құспайды.
Шалға Қазбай «Ұр тоқпағын» береді. Шал «Ұр тоқпақты» алып келе жатса, баяғы жерде тағы да балалар жүр екен.
Балалар шалға:
— Ата, асқа түс!— дейді. Шал үйге кіріп бара жатып:
— Шырақтарым! «Ұр, тоқпағым, ұр!» демеңдер,— дейді.
Шал үйге кіріп кеткен соң, дәндеген балалар: «Ұр, тоқпағым, ұр!»—дейді. Тоқпақ балалардың әрқайсысын ал кеп ұр! Ұрып жүр, ұрып жүр… Балалар тоқпаққа жалынады: «Ойбай, «Піс қазаныңды», «Құс есегіңді, берейік!»— дейді. Шал келе жатып, естіп қояды.
Шал келіп:
— «Піс қазанды», «Құс есекті» бересіңдер ме?— дейді.
Балалар:
— Мақұл! Әкеліп береміз!—дейді. Шал «Ұр тоқпақты қойғызады. Балалар «Піс қазанды», «Құс есекті» әкеліп береді. Шал «Піс қазанды», «Құс есекті», «Ұр тоқпақты» алып, үйіне келеді. Сөйтіп, мұратына жетеді.

Толық мақала...

Қаңбақ шал

Бар екен де, жоқ екен,
Ертек-ертек, ерте екен.
Ешкілері бөрте екен,
Қырғауылы қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен.

Бұрын, бұрын, бұрында Қаңбақ шал деген шал болыпты. Мал мен басқа зар болыпты. Кедейліктен шықпапты. Ол ау салып, балық ұстап, тамақ асырапты. Жел соқса, шал домалап жөнеледі екен. Содан оған Қаңбақ шал деп ат қойылған екен.
Күн сайын ауына ілінген екі балығының біреуін бір түлкі, әлімжеттік қып тартып жей береді екен. Түлкінің қорлығына шыдай алмай, шал бір күні екінші жерге көшем деп, дүние-мүлкін арқалап, жолға шығыпты. Шаршаған соң, оны бір жерге көміп кетіпті; бір жерге елдің сойған малынан жинап алған ішек-қарнын көміп кетіпті; бір жерге қарындағы айранын көміп кетіпті. Жүктің салмағымен Қаңбақ шал ұшып кетпей келеді. Жүктен арылған соң, желмен ұшып, бір жерге түсіпті. Қараса, бір дәу екі тауды біріне-бірін шақпақ қылып, ұрып тұр екен.
Дәу:
— Қайда бара жатқан шалсың? Кел, екеуіміз күш сынасайық!— деп, қазандай бір қара тасты көтеріп, аспанға лақтырып жібереді де, қайта қағып алып:— Ал, шал, сен де осылай қақпақыл етші!— дейді.
Шал сасқалақтап, қайтерін білмей, тасты құшақтап аспанға бір, тасқа бір қарап, күнімен тұрады.
Сонда дәу:
— Е, неғып тұрсың? Лақтыр!— дейді.
Шал тұрып:
— Аспанға лақтырсам, «аспан айналып жерге түседі-ау!» деп, жерге қақпай түсірсем, «жер ортасынан ойылып түсе ме?» деп, қауіп қылып тұрмын!— дейді.
Сонда дәу келіп, шалдың қолынан ұстай алады да:
— Ақсақал, лақтырмай-ақ қой, текке қырылармыз!— деп жалынып қойғызады.
Дәудің ақылы таяздығын біліп, шал ерленіп, оған:
— Кел, жердің ішек-қарнын шығарайық!— дейді.
Дәу жүгіріп келіп, жерді теуіп қалады. Жер тізеден ойылады. Ештеңе шықпайды. Шал өзі бұрын көміп қойған, қан-жыны арылмаған ішек-қарын жатқан жерді жүгіріп барып, теуіп қалса, ішек-қарын шыға келеді. Дәу жаман қорқады.
Сосын шал:
— Кел, енді жердің миын шығарайық,— дейді.
Дәу пәрменімен келіп, жерді теуіп қалады. Жер тағы да тізеден ойылады. Ештеңе шықпайды. Шал манағы айранын көміп кеткен жерді жүгіріп барып теуіп қалса, бырқ етіп айран шыға келеді. Дәу одан бетер қорқады. «Мына шал не деген орасан күшті»,— деп, шалдың айтқанын істей береді. Ақыры, шал одан қалай құтыларын білмей:
— Енді кайт! Ертең бізге қонаққа кел,— дейді.
Дәу:
— Жарайды,— деп кетіп қалады.
Шал үйіне келіп, кемпіріне:
— Ертең дәу қонаққа келеді,— дегенде:
— Ойбай, немізді береміз?—деп сасады кемпір.
Шал тұрып:
— Ертең дәу келеді. Мен есіктің алдында отырармын. Сонда сен оның көзінше: «Не істеймін, шал?»— деп маған қара, мен не десем, соны істемекші болып, пышақты алып, тұра ұмтыл!— деп, кемпіріне үйретіп қояды.
Ертеңіне үш дәу келіп, досының үйінде отырады. Сол кезде кемпір отырып:
— Шал, нені асамын үйдегі қонаққа? Түк жоқ! — депті.
Сонда шал тұрып:
— Басқы дәудің басын ас, ортаншы дәудің төсін ас, ол жетпесе, досым дәудің өзін ас!— дегенде, кемпір пышағын алып, тұра ұмтылады.
Үш дәу тым-тырақай қаша жөнеледі. Досы лашық үйін басымен көтеріп, алып кетеді. Шал айқайлап:
— Әй, досым, лашығымды тастап кет! Қайда барсаң да, құтылмайсың!— дейді.
Дәу лашықты тастай сала, қашып бара жатса, баяғы әлімжеттік қып балығын тартып жей беретін түлкі жолығады.
— Тақсыр, қайдан қашып келесің?— дейді түлкі.
— Бір пәле шалдың қырсығынан құтыла алмай қашып келеміз,— дейді дәулер.
Түлкі:
— Сол Қаңбақ шалдан қорқып жүрсіңдер ме? Менімен жүр, мен сенің өшіңді алып берейін,— деп, дәуді ертіп, шалды іздеп қайта келе жатса, шал лашықтың жанында тұр екен. Түлкінің ертіп келе жатқанын көріп, шал айғай салады:
— Ей, түлкі-ау? Арғы атаңда алты атамның құны бар, бергі атаңда бес атамның құны бар, өзіңде бітіспейтін кегім бар еді, үш дәуді соның үшін бергелі келе жатырсың ғой! Бәрібір онымен бітпеймін!— деп дауыстайды.
Сонда дәу қорқып: «Бұл бізді сол аталарының құнына беруге алдап алып келе жатыр екен ғой!»— деп ойлап, түлкіні құйрығынан алып жерге бір ұрып өлтіріп, алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Сөйтіп, Қаңбақ шал дәулер мен түлкіден осылай құтылған екен дейді.

Толық мақала...

Ерте, ерте, ертеде


Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде,
Қырғауыл қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен.
Есіңізде ме, балалық шағымыздан құлаққа сіңген қазақ ертегілері осылай басталушы еді. Бір күні Google-дан сол "Ерте, ерте, ертеде" сөз тіркесін іздеп көріп едім (айтпақшы, сіз Google-дың қазақша іздей алатынын білесіз бе?), мынау табылып шықты:

Алғашқы екеуі бір қандастарымыздың сол ертегілерді сағынып, еске түсіргені болса, одан кейінгісі қазақшаға аударылған қытай аңызы! Шинжәңда қазақ тілінде шығатын "Көрші" журналынан алыныпты. Басқа сілтемелер бойынша не әзіл-сықақ, не жалқы есім шығады. Жалғыз-ақ жерде бір-екі қазақ ертегісін жариялапты. Қазақ жұмбақтары, мақал-мәтелдері, өлең-тақпақтары да Интернетте жоқтың қасы. Ұят-ай! Бұндай жағдайға ренжідім де, намыстандым. Компьютерге қолы жеткен қазақ баласы дайын реферат-дипломға қарық болып, басқа ештеңені қажет етпегені ме, сонда? Ал қазақ әдебиетін қазақ болмаса, кім жариялайды?
Жарайды. Басқалар не қылса, о қылсын. Ал мен қазақ ертегілерін Интернетке жариялауға бел будым. Бисмиллаһи деп бастайық.

Толық мақала...